KZNEWS.KZ
Техно

Ұшқыштар енді Петропавлда даярланады: «Қызыл-Жар» әуежайы жаңа бағытты қолға алды

Асқар Алтайұлы

Қыркүйекте әуежай базасында Азаматтық авиация академиясының алғашқы студенттері оқу-жаттығу ұшуларына кірісті, деп хабарлайды kznews.kz.

Алғашқы топта алты болашақ ұшқыш бар. Оларды даярлау үшін Петропавлға Diamond DA40 және Diamond DA42 оқу-жаттығу ұшақтары жеткізілді. Авиация дәстүріне сай әуе кемелерін перронда су аркасымен қарсы алды.

DA40 – бір қозғалтқышты, ал DA42 – екі қозғалтқышты төрт орындық ұшақ. Олар кәсіби ұшқыштарды даярлауға арналған және оқу бағдарламасының әртүрлі кезеңіндегі тапсырмаларды орындауға мүмкіндік береді.

Теориядан – нағыз ұшуға

Петропавлдағы практика кезінде студенттер маршруттық ұшулар орындайды, арнайы пилотаж аймақтарында шеберлігін шыңдайды. Сондай-ақ визуалды және аспаптар бойынша қонуға кіру тәсілдерін меңгереді. Бағдарламада түнгі ұшулар да қарастырылған.

Осылайша, болашақ ұшқыштар аудиторияда алған білімін нақты әуеайлақ жағдайында тәжірибемен ұштастырады.

Петропавлдың оқу алаңы ретінде таңдалуы да кездейсоқ емес. Мұнда әуе қозғалысының қарқындылығы, өңірдің жазық орманды далада орналасуы, күндізгі уақыттың ұзақтығы және халықаралық әуежайдың дайын инфрақұрылымы ескерілген. Бұл факторлар оқу-жаттығу ұшуларын жүйелі ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Әуежайдың жаңа миссиясы

Жоба тек ұшқыштарды даярлаумен шектелмеуі мүмкін. Алдағы уақытта «Қызыл-Жар» әуежайында авиациялық инженерлік мамандықтарда оқитын студенттердің де практикадан өтуіне жағдай жасау мәселесі қарастырылып жатыр.

Бұл жағдайда Петропавл әуежайы ұшу даярлығы мен инженерлік практиканы бір алаңда біріктіретін маусымдық оқу-өндірістік базаға айналмақ.

«Біз Петропавл әуеайлағын Азаматтық авиация академиясының маусымдық оқу-өндірістік базасы ретінде қарастырамыз. Жобаның негізі ретінде әуежайдың қолданыстағы инфрақұрылымы алынады, оны біз білім беру процесіне бейімдеуді жоспарлап отырмыз. Бұл ұшу даярлығы мен инженерлік практиканы бір жерде ұштастыруға мүмкіндік береді», – деді «Қызыл-Жар» халықаралық әуежайының директоры Абул Кекілбаев.

Оның айтуынша, студенттердің нақты жұмыс жағдайында тәжірибе жинауы маңызды. Болашақ мамандар ұшақты ұшуға дайындаудан бастап, оның техникалық жағдайын бағалауға және әуежайдағы түрлі қызметтердің өзара жұмысын түсінуге дейінгі процестермен таныса алады.

Әуежай инфрақұрылымы жаңғыртылып келеді

Петропавл әуежайын дамыту жұмыстарына Orbis Group 2022 жылдан бері «Қызыл-Жар халықаралық әуежайы» ЖШС арқылы қатысып келеді. Компания әуежайды сенімгерлік басқару аясында оның қызметі мен инфрақұрылымын дамытуға қаржы бағыттаған.

Осы кезеңде авиаотын қоймасы жаңғыртылып, терминал, авариялық-құтқару станциясы мен инженерлік жүйелер жөнделді. Сондай-ақ әуежай техникасына қызмет көрсетуге, нысанды күтіп ұстауға және қызметкерлерді оқытуға қаражат бөлінді.

Енді осы инфрақұрылымның бір бөлігі жаңа міндетке – отандық авиация үшін кәсіби кадрлар даярлауға қызмет етпек.

Асқар Алтайұлы
Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.
Автордың басқа материалдары →