Спорттық бағдарламалау федерациясының президенті Бағдат Мусин Қазақстанда жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада (IOAI) өтетінін мәлімдеп, тиісті келісімшартқа қол қойылғанын жеткізді, деп хабарлайды kznews.kz.
Әлемнің ең мықты жас мамандарын жинайтын беделді жарыс елімізде алғаш рет 2026 жылдың тамыз айында елордада ұйымдастырылады. Бұл шешім туралы Бағдат Мусин әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, Қазақстанның таңдалуы кездейсоқ еместігін және отандық технологиялық экожүйенің деңгейі өсіп келе жатқанын атап өтті.
Оның сөзінше, соңғы жылдары мемлекетте спорттық бағдарламалауды дамыту мен әлемдік деңгейдегі кадрларды даярлаудың тұрақты базасы қалыптасты. Мәселен 2024 жылы Қазақстан ICPC бағдарламалаудан әлем чемпионатының финалын қабылдаса, 2025 жылы ұлттық құрама Қытайда өткен жарыста әлем бойынша төртінші орын алып, тарихтағы ең жақсы нәтижелерінің бірін көрсетті. Сонымен қатар ол Жасанды интеллектті дамыту министрі Жаслан Мәдиевтің үлесін ерекше атап, мемлекеттік саясат пен кәсіби қауымдастықтың бірлесе жұмыс істеуі жүйелі нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретінін айтты.
Федерация өкілдері IOAI олимпиадасын өткізу тек беделді халықаралық оқиға ғана емес, стратегиялық даму құралы екеніне назар аударады. Мұндай жарыстарға қатысу жаһандық таланттар нарығына тікелей жол ашып, ірі технологиялық компанияларға мықты қатысушыларды оқу кезеңінде жұмысқа қабылдауға көмектеседі. Бұған қоса қазақстандық қатысушылар жетекші AI-командалардың бір бөлігіне айналып, жаңа деңгейдегі адами капитал экспорты артады. Әлемдік деңгейдегі шаралар елге халықаралық серіктестіктерді, университеттер мен технологиялық секторға инвестицияларды тарта отырып, Қазақстанның аймақтық технологиялық хаб ретіндегі имиджін қалыптастырады. Басқосу ілгері ұмтылған мамандардың сапасын арттырып, ішкі бәсекелестікті де күшейте түспек.
Астанада бұл доданы ұйымдастыру елімізде жарияланған Жасанды интеллект жылымен тікелей байланысты және цифрлық экономиканы дамытудағы жүйелі саясаттың бір бөлігі болып саналады.
«Бұл жаһандық технологиялық бәсекелестік кезеңінде Қазақстанның сенімді серіктес ретіндегі үлкен мойындалуы», – деді Мусин.
Федерация олимпиада таланттар мен идеяларды тартатын орталыққа айналып, еліміздің әлемдік технологиялық картадағы позициясын нығайтады деп сенеді.