KZNews.kz
Жаңалықтар

«Үш саусақ шабылған»: Әскери борышын өтеуге барған сарбаз ауыр жарақат алды

Дархан Тоқан
Фото: Ашық дереккөзі

Әлеуметтік желіде әскери борышын өтеп жүрген сарбаздың үш саусағынан айырылғаны жөнінде жазба тарап, қоғамда алаңдаушылық күшейді. Оқиғаға қатысты Қорғаныс министрлігі түсініктеме беріп, тергеу басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Жазба авторы, жәбірленушінің туысы Малика Абдалиеваның айтуынша, Тұңғышбай Бағжан есімді сарбаз әскери қызмет кезінде ауыр жарақат алған. Ол 2025 жылдың желтоқсанында Алматыда оқу-жаттығудан өтіп, кейін Отар маңындағы әскери бөлімге жіберілген. Қазір сарбаз Алматыдағы ауруханалардың бірінде хирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр.

Сондай-ақ автор Гүлмира Әбіхай мен Жазира Бегалыны белгілеп, жағдайға назар аударуды сұраған.

Әлеуметтік желідегі жазбада «10 күннен бері ауруханада жатыр, үш саусағы жоқ» деген ақпарат тарады. Сондай-ақ жақындарының хаттары да жарияланып, онда сарбаздың әскери ортада психологиялық қысым көргенін меңзейтін жолдар бар. Көрсетілген скриншотта әкесіне «Мені әкетпесеңіз, табытымды әкетесіз» деген жолдар жазылған.

Желіде қызу талқылау басталған соң, Dalanews.kz редакциясы жағдайды нақтылау үшін Қорғаныс министрлігіне ресми сауал жолдаған. Ведомство жауабында оқиға 2026 жылғы 6 қаңтарда Гвардейск гарнизонында орналасқан әскери бөлімдердің бірінде болғанын хабарлады. Министрліктің мәліметінше, таңғы тексеріс кезінде әскери қызметші сол қолының саусақтарын металл затпен жарақаттап алған.

Ресми ақпарат бойынша, сарбаз шұғыл түрде әскери госпитальға жеткізіліп, уақытылы медициналық көмек көрсетілген. Қазіргі таңда оның жағдайы тұрақты, өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ делінеді. Ем шаралары Алматыдағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында жалғасып жатыр.

Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желіде тараған кей деректерді жоққа шығарды. Ведомствоның айтуынша, зардап шегуші бұл әрекет жеке бас себептеріне байланысты жасалғанын көрсеткен және оның әскери қызметті өткеруімен, сондай-ақ командирлердің немесе лауазымды тұлғалардың әрекеттерімен байланысы жоқ. Осыған байланысты «тікелей басшысының ескертуінен кейін жарақат алды» деген нұсқа шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді.

Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының Гвардейск бөлімі барлық мән-жайды жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу жүргізіп жатыр. Министрлік мәлімдемесінде жағдай Құрлық әскерлері қолбасшылығының бақылауында екені де атап өтілді.

Дархан Тоқан
Автордың басқа материалдары