Алматы қаласының прокуратурасы әл-Фараби даңғылында болған, үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу барысы жөнінде жаңа мәліметтер ұсынды, деп хабарлайды kznews.kz.
Қадағалау органының мәліметінше, аталған іс бойынша қылмыстық құқықбұзушылықтың біліктілігі өзгертілген. Енді тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 345-1-бабының 4-бөлігі – жол қозғалысы ережелерін алкогольдік мас күйде бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу дерегі бойынша жүргізіліп жатыр.
– Қылмыстық іс бойынша болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті зерттеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тиісті сот сараптамалары тағайындалып, өткізілуде, – деп мәлімдеді прокуратура өкілдері.
Аталған бап бойынша 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және өмір бойына белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұған дейін іс 345-баптың 4-бөлігі – жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу бойынша қаралған болатын.
Сонымен қатар, прокуратура мәліметінше, негізгі іспен қатар полиция қызметкерінің әрекетсіздігіне байланысты тағы бір қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл іс Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы – қызметтегі әрекетсіздік, ауыр зардаптарға әкеп соққан дерегі бойынша қаралуда.
– Аталған іс бойынша да сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, – деп нақтылады қадағалау органы.
Бұл бап бойынша 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру, мүлікті тәркілеу және өмір бойына белгілі бір қызметтерді атқару құқығынан айыру жазасы көзделген.
Прокуратура кінәлі лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік шаралар қолданылғанын да хабарлады, алайда нақты есімдер жарияланған жоқ.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтың айтуынша, қылмыстық іс бойынша негізгі сараптамалардың басым бөлігі аяқталған.
– Тергеу әрекеттері аяқталуға жақын. Алдағы екі апта ішінде істің аяқталғаны туралы жариялаймыз деп жоспарлап отырмыз, – деді ол.
Еске сала кетейік, қайғылы жол апаты 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болған. Zeekr көлігі қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан.
Салдарынан Mercedes көлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен екі жолаушысы – 20 және 22 жастағы қыздар оқиға орнында көз жұмды.
Zeekr жүргізушісі тірі қалып, ауруханаға жеткізілді. Кейін ол қамауға алынып, тергеу изоляторына орналастырылды. Тергеу мәліметінше, апат кезінде ол жеңіл дәрежедегі алкогольдік мас күйде болған.
Әлеуметтік желілерде бұл жол апатына заңсыз көше жарыстары себеп болуы мүмкін деген болжамдар тарады. Кейбір деректерде жарысқа полиция қызметкері қатысқан болуы ықтимал екені айтылған.
Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Ішкі істер министрлігінен түсініктеме беруді талап етті.
– Әл-Фарабидегі қайғылы оқиғаға әкелген жарысқа жоғары лауазымды полиция қызметкері қатысқан ба? Бұл мәселе қоғамда алаңдаушылық туғызуда, – деді депутат.
Аталған жағдайдан кейін Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен Алматы қалалық полиция департаменті басшылығының бірқатар өкілдері қызметінен босатылды. Сондай-ақ департамент басшыларының бірінің жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Министрлік мәліметінше, қызметтік тексеру мен қылмыстық істер аясында барлық мән-жай жан-жақты қаралатын болады.
Айта кетейік, бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырып, құқық қорғау органдары қызметінің ашықтығы мен жауапкершілігі мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.