Қазақстанда есту және сөйлеу қабілеті шектеулі жандардың өмірін арқау еткен алғашқы толықметражды көркем фильм – «Тұяқ» түсіріліп жатыр. Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен жүзеге асуда, деп хабарлайды kznews.kz.
Фильмнің продюсері – Батыр Сазаханов, ал қоюшы режиссері – Нұрғиса Әлмұрат.

Картина ауылда тұратын екі ағайындының тағдыры арқылы отбасы, өзара түсіністік, кешірім және адам өміріндегі екінші мүмкіндік секілді мәңгілік құндылықтарды қозғайды. Шығарманың басты ерекшелігі – есту қабілеті шектеулі адамдардың әлемін сырттай бақылаушының емес, олардың ішкі жан дүниесі арқылы көрсетуге ұмтылуы.

Режиссер Нұрғиса Әлмұраттың айтуынша, фильмнің басты мақсаты – ерекше жандарға аяушылық таныту емес, олардың өмірге деген өзгеше көзқарасын, сезіну әлемін және айналасындағы адамдармен қарым-қатынасын шынайы жеткізу.
«Бұл – Қазақстандағы алғашқы осындай фильм. Біз олардың ішкі әлемін ашуға тырыстық. Олар дүниені қалай қабылдайды, қоғаммен қалай байланыс орнатады – осының бәрін көрсету маңызды болды. Фильмде отбасының құндылығы, әке мен бала арасындағы байланыс, адамның жауапкершілігі мен кешірім секілді тақырыптар кеңінен көрініс табады», – дейді режиссер.
Туындыда кәсіби актерлермен қатар есту және сөйлеу қабілеті шектеулі азаматтар да рөл сомдайды. Түсірілім тобы арнайы орталықтарда кастинг өткізіп, басты кейіпкерлерді сол жерден таңдаған. Режиссердің айтуынша, мұндай шешім экрандағы табиғилық пен шынайылықты сақтау үшін қабылданған.

Түсірілім барысында су мен жарық секілді көркем метафораларға ерекше мән берілген. Авторлар фильм арқылы көрерменге ерекше жандардың мүмкіндігін шектеу емес, олардың өмірді қабылдау ерекшелігін сезіндіруді мақсат еткен.
«Тұяқ» – жүрекке жететін үнсіз диалогтар арқылы адамның ең терең сезімдерін жеткізуге талпынған драма. Фильм көрерменді отбасы, сенім, түсіністік және адамдық құндылықтар жайлы ойлануға шақырады. Авторлардың айтуынша, кейде ең маңызды сөздер расында да үнсіздікте айтылады.
