Жалпы облыс аумағындағы республикалық трассалардың бойында 15 антенна-діңгекті құрылыс (АМҚ) нысанын салу жоспарланған.
Ұлытау облысындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында мобильді байланыс пен интернет сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Жоба Ұлттық «Қолжетімді интернет» жоспары аясында жүзеге асырылып, қазіргі таңда байланыс жоқ немесе тұрақсыз учаскелерді қамтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды kznews.kz
Бұл нысандар кейін мобильді байланыс операторларының базалық станцияларын орналастыруға арналған. Оның алтауы Жезқазған – Қызылорда, тағы алтауы Жезқазған – Арқалық бағытында бой көтереді. Сонымен қатар Атасу – Қаражал автожолында екі, Жезқазған – Қарағанды трассасында бір нысан салынады. Жаңа инфрақұрылым осы бағыттардағы байланыссыз учаскелерді кезең-кезеңімен қамтуға жол ашады.
Жобаны «Транстелеком» АҚ өз қаражаты есебінен жүзеге асырып жатыр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары бірнеше бағытта қатар жүргізілуде. Жезқазған – Қызылорда автожолы бойындағы алты нысанды қазан айының соңына дейін, ал қалған тоғыз нысанды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Қазіргі кезеңдегі негізгі міндеттердің бірі – салынған нысандарды электр энергиясымен қамтамасыз ету. Әсіресе Жезқазған – Қызылорда бағыты бойынша бұл жұмыс ауқымды болмақ. Себебі жаңа антенна-діңгекті құрылыстарды электр желісіне қосу үшін шамамен 150–160 шақырым жаңа электр желісін тарту қажет.
Электрмен жабдықтау мәселесі шешілгеннен кейін байланыс операторлары жаңа нысандарға базалық станцияларды орнатады. Нәтижесінде республикалық маңызы бар жолдардың қазіргі таңда мобильді байланыс пен интернет қолжетімсіз немесе тұрақсыз учаскелерінде тиісті қызметтер пайда болады.
Бұл, ең алдымен, өңірдегі жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ трассалармен жүріп-тұратын жүргізушілер мен жолаушылар үшін байланыс мүмкіндігін арттыруға мүмкіндік береді. Ұлытау облысының аумағы кең әрі елді мекендер арасындағы қашықтық алшақ болғандықтан, жол бойындағы тұрақты байланыс – маңызды инфрақұрылымдық қажеттіліктің бірі.
Сонымен қатар мобильді интернеттің қолжетімді болуы тұрғындар мен кәсіпкерлердің цифрлық қызметтерді пайдалану мүмкіндігін кеңейтеді. Жол бойындағы елді мекендер мен нысандар үшін де бұл жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Жалпы, 15 жаңа антенна-діңгекті құрылыс нысанының іске қосылуы Ұлытау облысындағы байланыс инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосады. Жоба толық аяқталғаннан кейін негізгі республикалық трассалардың бойындағы байланыс сапасы жақсарып, цифрлық қызметтердің қолжетімділігі арта түседі.