Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясындағы 2025 жылға арналған төлем көлемі өткен жылғы деңгейге жуық болады. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды Kznews.kz.
Үшінші төлем 2026 жылғы 1 ақпаннан кешіктірілмей аударылады. Нақты сома әлі бекітілмегенімен, Ұлттық банк басшысы балалардың шотына шамамен 130 АҚШ доллары (65 мың теңгеден астам) түсуі мүмкін екенін айтты.
Бұл қаражат 2025 жылғы 31 желтоқсанына дейін 18 жасқа толмаған Қазақстан азаматтарына есептеледі.
Тимур Сүлейменовтің дерегінше, 2025 жылы Ұлттық қорды басқарудан түскен инвестициялық табыс 8,7 млрд АҚШ долларын құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 пайыздық өсім.
"Бұл көрсеткіштер – рекордтық деңгей. Ұлттық қор тарихында мұндай табыс бұрын-соңды болмаған. Сондықтан ол ірі трансферттер мен қордан алынған қаражаттарға қарамастан өсім көрсетті," – деді ол брифингте.
Айта кетейік, 2024 жылы балаларға 100,52 АҚШ доллары аударылса, 2025 жылы бұл сома 129,38 АҚШ долларын құраған. Жыл сайынғы төлем мөлшері Ұлттық қордың валюталық активтер көлемі мен инвестициялық табысына тікелей байланысты. Төлемдер Ұлттық қордың ұзақ мерзімді инвестициялық табысының жартысы есебінен қалыптасады.
Бағдарлама шарты бойынша, жиналған қаражатты азамат 18 жасқа толғаннан кейін ғана білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана алады. Арнайы шоттағы ақшаны мерзімінен бұрын шешіп алу қарастырылмаған.