KZNEWS.KZ
Әлеумет

"Ұлттық қор – балаларға": үш жыл ішінде 2,5 млрд доллардан астам қаражат аударылды

Жарқын Омаров
Фото: shutterstock.com

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектеновтің "Егемен Қазақстан" басылымында жарияланған мақаласында Президенттің «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының нәтижесі туралы айтылған, деп хабарлайды kznews.kz.

Бектеновтің айтуынша, өскелең ұрпақтың жағдайына да ерек­ше көңіл бөлініп келеді. Осы орайда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы – Прези­денттің маңызды бастамаларының бірі.

"Бағдарлама шеңберінде қазақс­тан­дық балалардың шотына Ұлттық қор­дың инвестициялық кірісінен жыл сайын қаражат аударылады, оны әр бала 18 жасқа толғаннан кейін білім алуға немесе тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақ­са­тында пайдалана алады. Бағдарлама жүзеге асы­­­­рыл­ған үш жыл ішінде еліміздегі жеті млн баланың шотына 2,5 млрд доллардан астам қаражат аударылды", - деп жазды ол.

Премьер-министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2026–2030 жыл­дарға арналған «Қазақстан балалары» бірыңғай бағ­дар­ламасы бекітілгенін, ол Қазақстандағы бала­лардың құқықтары мен әл-ауқатын қам­тамасыз ету бо­йынша барлық қол­­­да­­­ныстағы және жоспарланған іс-шара­­­лардың басын біріктіретінін айтады. Аталған құжат елдегі әрбір баланың құқықтары мен әл-ауқатын жүйелі түрде қорғауды қам­­­та­масыз ететін орнықты мемлекеттік сая­саттың негізі болып табылады.

"Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы айқындап берген басымдықтардың бірі – мектеп инфрақұрылымындағы қор­даланған проблемаларды жою. Осы мақ­сатта кейінгі жеті жылда 1 300-ден астам жаңа мектеп салынды, апатты және үш ауысымды білім ошақтарының саны айтар­лық­тай азайып, материалдық-тех­ни­калық база жаңартылды. Прези­дент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясын­да ғана 2023–2025 жылдары бүкіл еліміз бойынша ең жоғары халықаралық стан­­дарт­тарға сәйкес келетін 217 мектеп салын­ды.TALIS-2024 халықаралық зерттеуіне сәйкес, Қазақстан мұғалімдердің еңбек­ақы­­сымен қанағаттану деңгейі бойынша әлем елдерінің үздік бестігіне кірді. Егер 2018 жылы бұл көрсеткіш небәрі 39% болса, 2024 жылы 71%-ға жетті. Еліміздегі педа­­­гогтердің 95%-ы өз жұмысына көңілі тола­тынын айтты", - дейді ол.

Олжас Бектеновтің жазуынша, мектепке дейінгі ұйымдар желісі де кеңейіп, олардың қатары 12 мыңға жетті. Медициналық мекемелер саны 830-ға дейін артты, ал дәрігерлердің саны 83 мыңнан асты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауынша, еліміз ана өлімінің төмендеу қарқыны бойынша әлемдегі жетекші он елдің қатарына кіреді: көрсеткіш тарихи минимумға дейін төмендеді.

Президенттің бастамасы бойынша 2021 жылы «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылды, оның шеңберінде жыл са­йын экстра­корпоральды ұрықтандыру рәсім­де­рін жүргізуге 7 мың квота бөлінеді, бүгін­де бұл бағдарламаны 28 мың әйел пайдаланды. Бағ­дарлама іске қосылғалы 11 мың нәресте дүниеге келді.

Жарқын Омаров
C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салал...
Автордың басқа материалдары →