Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектеновтің "Егемен Қазақстан" басылымында жарияланған мақаласында Президенттің «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының нәтижесі туралы айтылған, деп хабарлайды kznews.kz.
Бектеновтің айтуынша, өскелең ұрпақтың жағдайына да ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы орайда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы – Президенттің маңызды бастамаларының бірі.
"Бағдарлама шеңберінде қазақстандық балалардың шотына Ұлттық қордың инвестициялық кірісінен жыл сайын қаражат аударылады, оны әр бала 18 жасқа толғаннан кейін білім алуға немесе тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында пайдалана алады. Бағдарлама жүзеге асырылған үш жыл ішінде еліміздегі жеті млн баланың шотына 2,5 млрд доллардан астам қаражат аударылды", - деп жазды ол.
Премьер-министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы бекітілгенін, ол Қазақстандағы балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету бойынша барлық қолданыстағы және жоспарланған іс-шаралардың басын біріктіретінін айтады. Аталған құжат елдегі әрбір баланың құқықтары мен әл-ауқатын жүйелі түрде қорғауды қамтамасыз ететін орнықты мемлекеттік саясаттың негізі болып табылады.
"Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы айқындап берген басымдықтардың бірі – мектеп инфрақұрылымындағы қордаланған проблемаларды жою. Осы мақсатта кейінгі жеті жылда 1 300-ден астам жаңа мектеп салынды, апатты және үш ауысымды білім ошақтарының саны айтарлықтай азайып, материалдық-техникалық база жаңартылды. Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ғана 2023–2025 жылдары бүкіл еліміз бойынша ең жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 217 мектеп салынды.TALIS-2024 халықаралық зерттеуіне сәйкес, Қазақстан мұғалімдердің еңбекақысымен қанағаттану деңгейі бойынша әлем елдерінің үздік бестігіне кірді. Егер 2018 жылы бұл көрсеткіш небәрі 39% болса, 2024 жылы 71%-ға жетті. Еліміздегі педагогтердің 95%-ы өз жұмысына көңілі толатынын айтты", - дейді ол.
Олжас Бектеновтің жазуынша, мектепке дейінгі ұйымдар желісі де кеңейіп, олардың қатары 12 мыңға жетті. Медициналық мекемелер саны 830-ға дейін артты, ал дәрігерлердің саны 83 мыңнан асты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауынша, еліміз ана өлімінің төмендеу қарқыны бойынша әлемдегі жетекші он елдің қатарына кіреді: көрсеткіш тарихи минимумға дейін төмендеді.
Президенттің бастамасы бойынша 2021 жылы «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылды, оның шеңберінде жыл сайын экстракорпоральды ұрықтандыру рәсімдерін жүргізуге 7 мың квота бөлінеді, бүгінде бұл бағдарламаны 28 мың әйел пайдаланды. Бағдарлама іске қосылғалы 11 мың нәресте дүниеге келді.