«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 2008 жылы туған, яғни биыл 18 жасқа толатын қазақстандық балалардың жеке шоттарына тиесілі қаражат 2026 жылдың 1 ақпанына дейін аударылады, деп хабарлайды kznews.kz.
Аталған ақпаратты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) баспасөз қызметі растады. Қордың мәліметінше, бағдарламаға қатысушы барлық балалардың шотына қаражат белгіленген мерзімге дейін толық көлемде түсуі тиіс.
«2008 жылы туған балалардың шотына тиісті қаражат 2026 жылдың 1 ақпанына дейін түседі. Олар 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражатын заң аясында пайдалана алады», – деп хабарлады БЖЗҚ.
Айта кетейік, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша Ұлттық қордың 2025 жылғы инвестициялық табысы Қазақстандағы 18 жасқа толмаған барлық балалардың жеке шоттарына тең мөлшерде бөлінеді. Жинақталған қаражатты кәмелет жасына толған соң білім алу немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында пайдалануға болады.