Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған жиында Қазақстанның соңғы жылдардағы экономикалық өсімі мен әлеуметтік саладағы нәтижелеріне тоқталды, деп хабарлайды kznews.kz.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 7 миллион баланың есепшотына 2,5 миллиард доллар аударылған. Былтыр 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындаған.
Тоқаев Дүниежүзілік банктің мәліметіне сүйеніп, Қазақстанның өмір сүру ұзақтығы көрсеткіші бойынша аймақта көш бастап тұрғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы ұлттық экономиканың әлеуетін арттыру маңызды міндеттердің бірі екенін де айтты. Оның сөзінше, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 350 миллиард долларға жақындап, ТМД елдері арасында екінші орынға шыққан.
Сонымен қатар шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жеткен. Президент кәсіпкерлердің отандық өндірісті ұлғайтып, жаңа іскерлік мәдениетті қалыптастырып жатқанын атап өтті. Қазір бұл салада еңбекке жарамды азаматтардың жартысына жуығы жұмыс істейді.
Тоқаевтың пікірінше, елде жүргізіліп жатқан реформалар экономикалық дамуға серпін беріп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.