Алматылық «Қайрат» клубының қақпашысы әрі Қазақстанның 19 жасқа дейінгі құрамасының ойыншысы Шерхан Қалмұрза Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Украинаға қарсы матчта алаңнан қуылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Кездесудің алғашқы бөлігінде Қазақстан құрамасы басым көрінгенімен, 29-минутта ойын тағдырын өзгерткен сәт орын алды. Қақпашы Шерхан Қалмұрза айып алаңынан тыс жерде қарсылас шабуылшысына ереже бұзып, тікелей қызыл қағаз алды.
Бір ойыншыға кем қалған Қазақстан құрамасы бірінші таймның соңында қарсыластың қысымына төтеп бере алмады. 44-минутта Владислав Тютюнов есеп ашты.
Екінші таймда Украина құрамасы басымдығын арттырып, тағы екі гол соқты — олар 71 және 85-минуттарда тіркелді. Нәтижесінде матч 0:3 есебімен аяқталды.