Үкімет ел экономикасының даму үрдістерін болжау үшін жасанды интеллект технологияларын қолдануды жоспарлап отыр. Бұл туралы үкімет отырысында Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
«Мемлекет басшысы жасанды интеллектінің пилоттық бастамалар деңгейінде қалып қоймай, оны отандық экономиканың нақты драйверіне айналдыру үшін бізден жүйелі шешімдер күтеді. Жасанды интеллект жобаларының бірыңғай пулын қалыптастыру қажет. Бұл алдымыздағы мақсат-міндеттердің ауқымын айқындап, сапалы үйлестіруді қамтамасыз етеді және жобалардың қайталануын болдырмауға, ресурстарды тиімді жұмсауға ықпал етеді»,- деді Премьер-министр.
Олжас Бектеновтің айтуынша, қазіргі заманғы сын-қатерлер әлеуметтік-экономикалық дамуды жоспарлаудың неғұрлым дәл құралдарына көшуді талап етеді.
"Жасанды интеллект үлкен деректерді өңдеуге, заңдылықтарды анықтауға және барынша нақты болжамдар жасауға мүмкіндік береді. Яғни, мемлекеттік экономикалық саясаттың тиімділігін арттырады", - деді Бектенов.
Осыған байланысты премьер-министр ұлттық экономика министрлігіне жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп, экономикалық үдерістердің дамуын болжау үшін жасанды интеллектіні қолданудың нақты тетігін енгізуді тапсырды.
2026 жылдың қаңтарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау туралы жарлыққа қол қойды. Құжат цифрландыруды одан әрі дамыту және ЖИ-ді жаппай енгізу үшін қабылданды.