Үкімет Президенттің 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan ұлттық стратегиясын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды kznews.kz.
Жоспар цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізудің үш негізгі бағытын қамтиды. Олар — азаматтар мен бизнеске, экономикаға және мемлекеттік басқаруға арналған цифрландыру.
Білім беру саласында AI-SANA бағдарламасын кеңейту көзделген. 2029 жылға қарай мектеп, колледж және жоғары оқу орындарын бітірушілердің кемінде 80%-ы жасанды интеллектінің базалық дағдыларын меңгеруі тиіс. Сондай-ақ студенттерді тереңдетіп оқыту және педагогтердің біліктілігін арттыру жоспарланған. 2028 жылға қарай колледждер мен жоғары оқу орындарының кемінде 80%-ында оқу үдерісіне AI технологиялары енгізіледі.
Денсаулық сақтау саласында бірыңғай деректерді басқару жүйесіне көшу және медициналық қызметтерді қашықтан алу мүмкіндігін кеңейту жоспарланып отыр. 2029 жылға қарай медициналық self-service сервистерін пайдаланатын азаматтар саны артып, медициналық ұйымдар бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіріледі. Сонымен қатар клиникалық шешім қабылдауда AI қолдану кеңейтіледі.
Қалалық инфрақұрылымда AI Native cities®ions шешімдері енгізіледі. Интеллектуалды мониторинг пен талдау жүйелері оқиғаларға жедел әрекет етуге, қауіпсіздік қызметтерінің тиімділігін арттыруға және ірі қалалардағы көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау саласында жасанды интеллект, проактивті сервистер, автоматты қол қою және процестерді автоматтандыру кеңінен қолданылады. 2029 жылға қарай мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау шараларын көрсетуге кететін уақытты кемінде 50%-ға қысқарту көзделген.

Бизнес пен экономикада цифрландыру энергетика, өнеркәсіп, құрылыс, көлік, логистика және ауыл шаруашылығы салаларын қамтиды. 2029 жылға қарай отын-энергетика кешеніндегі активтердің кемінде 70%-ын цифрлық мониторингке қосу жоспарланған.
Құрылыста нысандардың бүкіл өмірлік циклі — жобалаудан бастап пайдалануға беруге дейін — бірыңғай цифрлық жүйеде сүйемелденеді. 2029 жылға қарай жаңадан салынатын техникалық күрделі нысандардың 100%-ын бірыңғай цифрлық контурда жүргізу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Digital Qazaqstan стратегиясын іске асыру жөніндегі Іс-қимыл жоспарын келісу жұмысы созылып кеткенін айтып, Жасанды интеллект және цифрландыру министрі Жаслан Мәдиевке ескерту жасаған болатын.