Әлемдегі босқындар саны 100 млн адамнан асты
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Үкімет әлеуметтік саладан ақша үнемдеуге көшті ме?

Үкімет әлеуметтік саладан ақша үнемдеуге көшті ме?
Фото: ашық дереккөздерден

Мәжілісте 2025 жылғы бюджеттің орындалуы талқыланып, әлеуметтік қорғау мен денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражат көлемінің қысқартылуы сөз болды. Пікірталас кезінде депутаттар Үкіметтің бюджет саясатын сынға алып, әлеуметтік бағытқа бөлінген қаржының қысқаруын ашық мәселе ретінде көтерді.

Мәжілістегі Respublica фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаровтың мәліметінше, әлеуметтік және медициналық жүйелерден жалпы 125 млрд теңгеге жуық қаражат қысқартылған.

Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласындағы негізгі қысқарту міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тиесілі болып отыр. Яғни, мемлекеттік жарналар көлемі 94 460 000 000 теңгеге қысқартылған. Бұл жалпы қысқартулардың негізгі бөлігі, тіпті 75 пайызға жуығын құрайтын ең ірі көрсеткіш.

МӘМС-тен бөлек бірнеше бағыт бойынша да қысқарту тіркелген. Атап айтқанда, медициналық инфрақұрылым және резервтер бойынша 3 870 000 000 теңге, қоғамдық денсаулық сақтау саласы бойынша 393 000 000 теңге, медициналық ғылыми зерттеулер 219 000 000 теңге және аймақтардағы медициналық ұйымдарға бөлінетін трансферттерден 117 000 000 теңге қысқартуға ұшырапты. Осылайша денсаулық сақтау саласына бөлінген бюджет қаражаты 98,2 млрд теңге дейін үнемделген болып шығады.

Екіншіден, әлеуметтік қорғау саясатына қатысты да бастапқы болжамдар орындалмай, салаға бөлінген қаржы бойынша ірі қысқарту тіркелген көрінеді. Атап айтқанда, халықтың жекелеген санаттарына бөлінген әлеуметтік төлемдер мен қолдау қаржы 580 000 000 теңгеге азайған. Ал бұл бағыт әлеуметтік осал топтарға арналған негізгі төлемдер мен қолдау тетіктерін қамтуға тиіс болған.

Айтпақшы, Үкімет тарапынан бұл әрекеттер мемлекеттің әлеуметтік саясатына жасалған өзгерту емес, керісінше, әртүрлі бюджеттік түзетулердің жиынтық әсерінен болған үнемдеу мен қайта құрылымдау ретінде түсіндірілуде.

Дегенмен, депутаттар бюджет саясатының негізгі мәселесі ретінде әлеуметтік саланың қайта-қайта қысымға ұшырауын атап өтті. Қаржы тапшылығын жабу кезінде де дәл осы бағыттар жиі-жиі оңтайландыруға ілігетіні жасырын емес.

Жалпы, 2025 жылғы бюджет түзетулері әлеуметтік қорғау және медициналық жүйелерге айтарлықтай әсер еткені байқалады. Ресми деректер бөлінген қаржының 125 млрд теңгеден де көп қысқарғанын көрсетті. Ал атқарушы билік оны бюджеттік басымдықтардың өзгерісі ретінде сипаттап отыр.

Бірақ, бұл сипаттамалар ел ішіндегі нақты жағдайдан әлдеқайда алшақ екенін жасырмауымыз керек. Әсіресе, әлеуметтік қамсыздандыру мен медициналық көмекпен қамту жұмыстарының жекелеген аймақтарда сын көтермейтіні жиі жазылып жүр. Біз бұл тақырыпқа әлі де ораламыз.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.