Шымкент қаласындағы Magnum дүкенінде күріш салынған контейнердің ішінен мысықтың нәжісі табылып, видео әлеуметтік желіде қызу талқыланды, деп хабарлайды kznews.kz smartnews.kz сайтына сілтеме беріп.
Желіге тараған видеода сатып алушы әйел дүкен қызметкеріне «Айтыңызшы, мынау не?» деп наразылық білдіргені көрінеді. Контейнер ішін көрген қызметкер ғана емес, жанында тұрған өзге сатып алушылар да абдырап қалған. Кадрдан дүкен ішінде жүрген екі мысықтың да байқалғаны жұрттың ашуын да, күлкісін де қатар тудырды.
Оқиға қоғамда әртүрлі реакция туғызды: бір тарап «азық-түлік қауіпсіздігіне салғырт қараған» деп сын айтса, енді бірі видеодағы жағдайды әзілге айналдырып жіберген. Дегенмен көпшілік үшін басты сұрақ өзгермеді: мұндай нәрсе сауда залында қалай болды және бұдан кейін қайталанбайтынына кім кепіл?
Magnum өкілдері жағдайға қатысты ресми түсініктеме беріп, ішкі тексеру жүргізілгенін мәлімдеді. Компанияның айтуынша, түнгі уақытта тауар қабылдау кезінде көшеден екі мысық байқатпай сауда залына кіріп кеткен. Ал барлық жарма контейнерлері әдетте мөлдір қақпақпен жабық тұратынын, бірақ таңертең бір сатып алушы қақпақты ашық қалдырып кеткенін айтты.
Осы сәтте мысық контейнерге секіріп кеткені бейнебақылау жазбасынан анықталған. Компания дерегінше, бұл жағдай 12:07-де болған, ал 12:09-да келесі сатып алушы салдарын байқап, мәселе бірден назарға іліккен. Оқиғадан кейін бүлінген күріш те, контейнердің өзі де толықтай жойылып, дүкен ішінде санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілген.
Бұған қоса, сауда желісі барлық тауарға қосымша тексеру жасалғанын хабарлады. Сондай-ақ зооеріктілермен байланысқа шығып, оқиғаға себеп болған мысықтарды тауып, қамқор қолына беруді жоспарлап отырғанын жеткізді, бірақ әзірге жануарлар табылмаған. Magnum бұл жағдайдың өз тәжірибесінде алғаш рет тіркелгенін айтып, тауар қабылдау аймағы ашық болғандықтан, мұндай тәуекел барын жоққа шығармады және алдын алу шаралары міндетті түрде қарастырылатынын қоса кеткен.