KZNews.kz
Жаңалықтар

"Тұрсынбек жездемнен айрылып қалдық": Танымал журналист өкінішін жеткізді (ФОТО)

Қайсар Қанат
ашық дереккөзден. Суретте: Тұрсынбек Қабатов

Танымал журналист Ербол Мәндібек әзілкеш Тұрсынбек Қабатов пен оның бұрынғы жұбайы Мөлдір Мұқанованың сұхбатына қатысты өз пікірін білдіріп, бұл жағдайға өкінішін жеткізді, деп хабарлайды kznews.kz.

"Бір жездемнен айырылып қалдым. Түнімен уайымдап ұйықтай алмай шықтым. Бұл қалай болғаны? Талай мәрте Торғайға келіп қайынжұртым деп қызмет қылып, алаңсыз ас-суымызды ішіп жүрген азамат еді ғой. Түнгі сағат екіге дейін Мөлдір Мұқанова апамның сұхбатын көрдім. Жездеміз Тұрсынбек Қабатовпен заң жүзінде ажырасқанын айтты. Бұдан бұлай Тұрсынбек Торғайдың күйеу баласы емес. Ақыры айырылып қалыппыз", – деп жазды журналист.

Ербол Мәндібек Мөлдір Мұқанованың сабырлы мінезі мен отбасын сақтап қалу жолында көрсеткен табандылығына ризашылығын білдірді.

"Мөлдір апама риза болдым. Ошағын өшірмеу үшін барынша тырысқан екен. Өмірлік серігіне жан-тәнімен берілгені байқалып тұр. Әттең, Тұрсекең әйелінің қадірін түсінбеген екен. Еркек заты ноқтасын бір үзсе болмайды деген рас-ау. Қартайған шақта махаббат деген пәленің не керегі бар? Түсінбеймін. Мөлдір апам қыз десе қыз, ұл десе ұл тапты. Аяқ-қолын жылы суға малып күтті. Бас ұстап, жамбас мүжіп, құйрық май асап, төс қағар шағында неге қағынды екен?", – деп жазды ол.

Журналист ер адамдардың сезімге еріп, қателікке бой алдыруына қатысты да ой қозғады.

"Қазір не көп? Сұлу қыз, сұлу әйел көп. Еркек болған соң жыланың жыбырлап, құртың қозып, кейде ауыз тигің келетіні рас. Бірақ, ең дұрысы көтті қысқан дұрыс. Е құдайым, қартайғанда мені ешкімге ғашық қыла көрме. Содан басқа тілеуім жоқ. Мөлдір менің жерлесім, апам, өте ақылды, отбасы үшін соңына дейін күрескен кісі. Алайда, еркектің екі елі етке есі кетсе шара жоқ деген сөз рас-ау. Мен бұл жерде махаббат пен жүректі айттым. Дұрыс түсініңіздер", – деп түйіндеді Ербол Мәндібек.

Қайсар Қанат
Автордың басқа материалдары