Бұған дейін жол қозғалысы ережесін өрескел бұзғаны үшін дауға ілінген Түркістан облысы Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаевқа қатысты тағы бір қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл жолы оған шетелдік азаматшаға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасады деген күдікке ілінген, деп хабарлайды kznews.kz.
Halyqstan таратқан ақпаратқа сәйкес, Бәйдібек аудандық полициясына Алматы қаласының тұрғынынан арыз түскен. Оның айтуынша, ол Қытайдан келген төрт әлеуетті инвестормен бірге Байжансай ауылына қорғасын-мырыш кен орнын игеру мүмкіндігін қарастыру үшін барған.
Арызда көрсетілгендей, делегацияны депутат Ерғали Аманбаев қарсы алып, олардың сапарын ұйымдастыруға қатысқан. Кейін қонақтарға демалыс ұйымдастырылған.
Арызданушының мәлімдеуінше, осы сапар барысында депутат Қытай Халық Республикасының 34 жастағы азаматшасын өзінің Lexus автокөлігіне отырғызып, адам аяғы сирек баратын жерге алып кетіп, күш көрсеткен.
Түркістан облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады.
"Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті – Шымкент тұрғыны анықталып, қамауға алынды", – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жария етілмейді.