KZNews.kz
Қоғам

Түркістанда 8-сынып оқушысына азғындық әрекет жасаған мұғалім 12,5 жылға сотталды

Азамат Қойшығара
Ашық дереккөзден

Түркістан облысында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі кәмелетке толмаған оқушыға жыныстық сипаттағы әрекеттер жасағаны үшін сотталды. 38 жастағы ер адамға 12 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.

Ол сондай-ақ өмір бойына білім беру саласында жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Оқиға қалай болды?

Сұмдық жағдай биыл мамыр айында Келес ауданында болған. Мұғалім 8-сыныпта оқитын қызға әуелі SMS арқылы жиі хабарласып, сеніміне кіре бастаған. Кейін Шымкентке бірге барып қайтуды ұсынған. Мұғалімнің сөзіне сенген оқушы түнгі сағат 00:00 шамасында үйден жасырын шығып кеткен.

Ол қызды ауыл сыртына — адам жоқ жерге алып барып, көліктің ішінде құшақтап, сүйіп, көкірегінен және санынан ұстаған. Алайда оқушы қарсылық танытып, одан арыға жол бермеген.

Оқиғадан кейін оқушының отбасы психологқа жүгінуге мәжбүр болды. Себебі жағдай ауыл ішінде тез тарап кеткен, мектеп тарапынан да қызға және ата-анасына қысым болғаны хабарланды. Бұл жәбірленуші тараптың жағдайын одан әрі ауырлатқан.

Мұғалім туралы мәлімет

Күдікті — 16 жылдық еңбек өтілі бар дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. 38 жаста, 5 баланың әкесі. Оның бір баласының мүмкіндігі шектеулі екені белгілі болды. Тергеу барысында ол өз кінәсін мойындамаған.

Сот үкімі

Сараптамалар, куәгерлердің жауаптары және материалдық айғақтар негізінде мұғалімнің кінәсі толық дәлелденді. Сот шешімімен ол 12 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге, білім беру саласында өмір бойына қызмет ету құқығынан айырылды.

Бұл іс — білім беру саласындағы бақылау, ата-аналардың қырағылығы және мектептердегі ішкі тәртіптің маңыздылығын тағы да айқын көрсетті.

Мұндай оқиғалар туралы дер кезінде хабарлау, психологиялық қолдау көрсету және мектеп ішінде қысым жасауға жол бермеу — қоғамның ортақ міндеті.

Азамат Қойшығара
Автордың басқа материалдары