Ордабасы ауданындағы Темірлан ауылында тұратын Жәнібек Әбілхан Ұлттық бірыңғай тестілеуде 140 балл жинап, үздіктер қатарынан көрінді, деп хабарлайды kznews.kz.
Жәнібек – Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның түлегі. Ол бейіндік пән ретінде информатиканы таңдаған.
"Көпбалалы отбасынан шыққан Жәнібек – білімге құштар, ізденімпаз оқушы. Мұндай жетістікке жетуі – оның табандылығы мен тыңғылықты дайындықтың жемісі", – деп мәлімдеді облыс әкімдігіндегілер.
Еске салайық, биылғы ҰБТ 16 мамырда басталып, 7 шілдеге дейін жалғасады. Талапкерлер тестілеуді екі рет тапсырып, ең жоғары нәтижені грантқа қатысу үшін пайдалана алады. Биыл шамамен 216 мың түлек өтініш берген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 мыңға артық.