KZNews.kz
Сараптама

Түркістан облысының білім саласы неге былыққа батып кеткен?

Азамат Қойшығара
kznews.kz

Түркістан облысының білім беру саласында 2024-2025 жылдары бұрын-соңды болмаған көлемдегі қаржылық жемқорлық фактілері әшкереленді. Облыстың бір емес, сегіз бірдей ауданындағы білім бөлімдері мемлекет қаржысын жүйелі түрде жымқырып келгені анықталып отыр. Соңғы тексерістер мен ресми деректерге сүйенсек, өңірде жалпы сомасы 12 млрд теңгеге жуық бюджет қаражаты қолды болған. Бұл — болашақ ұрпақтың несібесін жеген, халқымыздың рухани тынысына балта шапқан ауыр қылмыс. Елдің еңсесін түсірген осы жемқорлық оқиғаларына қатысты деректер мен сандар жаға ұстатады.

Аудандардағы миллиардтық ұрлықтардың хронологиясы

Облыстағы білім бөлімдерінде жылдар бойы жалғасқан ұрлық схемалары 2024 жылы біртіндеп су бетіне қалқып, құқық қорғау органдары бірнеше ауданға қатысты қылмыстық істер қозғады. Әр аудандық білім бөліміндегі жағдай — бөлек бір афераның көрінісі. Төменде осы ірі көлемді ақша жымқыру фактілерінің кейбіріне тоқталайық:

Жетісай ауданы — 4 млрд теңге. Ауданның білім бөлімінде 41 қызметкер (екеуі бөлім басшысы, біреуі бас есепші, 2 орынбасар және 36 бухгалтер) алдын ала сөз байласа отырып, өздері мен туыстарының шоттарына негізсіз жоғары жалақы аудару арқылы 4 млрд теңгені жымқырған. 2024 жылғы маусымда бұрынғы бөлім басшылары тұтқындалып, сот санкциясымен қамауға алынды.

Шардара ауданы — 3,7 млрд теңге. Бұл ауданда білім бөлімінің бұрынғы басшысы мен есепшілері құрамында 12 адам бар ұйымдасқан топ құрып, 2020-2023 жылдар аралығында жалған жалақы аудару арқылы 3,7 млрд теңге бюджет қаражатын ұрлаған. Тергеу барысында соның 639,8 млн теңгесі ғана мемлекетке қайтарылған, қылмыстық іс 2024 жылдың соңында сотқа жолданды. 2025 жылғы қыркүйекте аяқталған сотта Шардара білім бөлімі басшысының кінәсі толық дәлелденіп, ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды; бірнеше есепші 7 жыл мерзімге сотталды. Төрт егде жастағы сотталушы рақымшылықпен босатылып, кәмелетке толмаған балалары бар екі сотталушының жазасын өтеуі кейінге қалдырылды.

Мақтаарал ауданы — 2,4 млрд теңге. Аудандық білім бөлімінде 43 лауазымды тұлға мен қызметкер 2020-2023 жылдары заңсыз жалақы аудару арқылы 2,4 млрд теңге қаржыны жымқырған деген күдікке ілікті. Прокуратураның дерегінше, ұрланған қаржының басым бөлігі білім саласында жұмыс істемейтін «өлі жандардың» есепшоттарына аударылған. Тексеру барысында әзірге 333,5 млн теңге ғана қайтарылып, 649,7 млн теңге тұратын мүлікке тыйым салынғаны хабарланды. 2024 жылдың басында-ақ бұл аудандағы бір есепші экономикалық тексеру жүріп жатқан кезде өзіне-өзі қол салып, қаншама жанды күйзелткен жағдай орын алды.

Бәйдібек ауданы — 600 млн теңге. Мақтааралмен қатар анықталған бұл аудандағы білім бөлімінің бухгалтерлері 600 млн теңгені жымқырды деген күдік бар. 2020-2023 жылдар аралығында олар мектеп қызметкерлерінің жалақы төлемдеріне өзге адамдардың деректерін қосып, сол арқылы бюджет қаржысын қалтаға басып келген. Тергеу барысында күдіктілердің 120 млн теңгені мемлекетке өз еріктерімен өтегені хабарланды, іс бойынша жылжымайтын мүліктеріне тыйым салынды.

Сарыағаш ауданы — 550 млн теңге. 2021-2023 жылдары Сарыағаш ауданының білім бөлімінде дәл осындай схемамен 550 млн теңге жымқырылғаны сотта дәлелденді. Аудандық білім бөлімінің басшылары — Б.Майрихов, Н.Усипбеков, Д. Акатов және 8 бірдей бухгалтер кінәлі деп танылып, 2025 жылы 7 жылға, 7 жылға және 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Бухгалтерлердің бірқатары шартты түрде және бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Бұл деректер — тек ең ірі фактілердің бір бөлігі. Облыс бойынша басқа да аудандарда былық шықты. Мәселен, Сауран, Созақ, Келес аудандарында білім саласы қызметкерлері сотталып, түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Осылайша, Түркістан облысының 8 ауданында білім бөлімдерінің қаржылық қылмысы әшкере болып, 165 адамға қатысты тергеу амалдары аяқталып, істер сотқа жолданғаны ресми хабарланды. Жымқырылған қаржының жалпы сомасы қазірдің өзінде 12 миллиард теңгеден асып түсті. Мұндай орасан шығын білім саласының тарихында бұрын болмаған шығар.

«Өлі жандар» жүйесі өлмей келеді

Әр ауданда әшкереленген ұрлықтың сценарийі бір-біріне ұқсас, тіпті бір орталықтан басқарылған тәрізді. Жүйелі сыбайластық қалыптасып, бөлім басшылары мен есепшілер алдын ала ауыз жаласып әрекет еткен. Олар мемлекеттен бөлінген қаржыны жымқырудың қарапайым, бірақ тиімді тәсілін ойлап тапқан: мектепте іс жүзінде жұмыс істемейтін адамдардың атына жалақы аудару. Яғни, құжат жүзінде «қызметкер» ретінде тіркелген ойдан құрастырылған не туыстары мен таныстарының банк карталарына үздіксіз ақша аударылып отырған. Мысалы, Шардара ауданында бөлім басшысы қол астындағы есепшілермен бірге «өлі жандардың» шотына ақша аударып, тіпті өздерінің жеке есепшоттарына да заңсыз жалақы жаздырып келген.

Ал Жетісай ауданында дәл осындай жолмен білім бөлімінің бухгалтерлері өздері мен жақындарының картасына артық ақша аударып алу схемасын жылдар бойы жүргізген.

Бұл қитұрқы әрекеттерді жүзеге асыру үшін құжаттардағы деректерді өзгерту, жалған тұлғаларға жеке сәйкестендіру нөмірін рәсімдеу, артық қаржыны жалақы қорына сұратып алу секілді бухгалтериялық айла-шарғылар жасалған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәлімдеуінше, білім беру саласындағы дәл осындай қылмыстық жүйе тек Түркістанда ғана емес, республика бойынша көптеген өңірде орын алған және бір-біріне ұқсас сценариймен іске асқан. Яғни, мектеп пен колледждердің қаржысын жымқырудың «стандарты» пайда болып, есепшілер өзара тәжірибе алмасқан ба дерсің.

Мұндай әрекеттерге, әрине, жалғыз-жарым есепші бара алмас еді. Ұйымдасқан топтар құрып, бөлім басшылары мен бас бухгалтерлер бастамашы болған. Мысалы, Шардарада 12 адамнан тұратын тұрақты топ жұмыс істесе, Жетісайдағы қылмыстық схемаға 41 адам тартылған. Бұл — кең ауқымды, тамыры тереңге кеткен сыбайластық барын көрсетеді. Басшы есепшіні «қорғаштап», есепші заңсыз табыстың «құрбаны» болуға келіседі, жымқырылған ақшаны өзара бөлісу осылай жүзеге асқан.

«Балық басынан шіриді» демекші, кейбір аудандарда білім бөлімінің жетекшілері қылмысты бүркемелеу үшін қол астындағылармен теңдей жауапкершілік арқалап отыр. Тіпті бұл схеманың іздері облыстық деңгейдегі басшылыққа да жетелеп, жоғары лауазым иелерінің қатысы барын аңғартты.

2024 жылдың ақпанында Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмашевке қатысты тексеру басталып, ҰҚК қызметкерлері оның үйі мен кеңсесін тінтті. Шенеунік қызмет өкілетін асыра пайдаланды деген күдікпен қолхатпен ұсталды, онымен бірге көмекшісі де қамауға алынды. Тергеу барысында Жұмашевтің лауазымын пайдаланып, жеке кәсіпкерден қомақты пара алғаны және сол ақшаға Шымкенттен жеке мектеп ашқаны әшкере болды. 2025 жылғы шілдеде сот үкімі шығып, Ғ.Жұмашев ірі көлемде алаяқтық жасағаны және заңсыз жолмен алынған мүлікті жымқырғаны үшін 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Оған өмір бойына мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айыру жазасы да тағайындалды. Бұл оқиға білім саласындағы жемқорлықтың тамыры тек төменде ғана емес, жоғарыда да жайылғанын дәлелдеп берді.

Алаң көңіл, ашулы қоғам дүмпу туғызды

Білім саласын жайлаған осы жемқорлық дауылары қоғамда үлкен дүмпу туғызды. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында ата-аналар, мұғалімдер және қарапайым тұрғындар тарапынан наразылық пен ашу-ыза айтылуда. Күн сайын еститін «ақша жеді, ұсталды, қамалды» деген хабарларға құлағымыз үйреніп, етіміз өліп кеткені сонша, таңғалмайтын хәлге жеттік дейді жұрт. Дегенмен дәл Түркістан облысындағы миллиардтардың жымқырылуы туралы жаңалық ешкімді бей-жай қалдырған жоқ. Себебі бұл — білім саласына жасалған опасыздық, балалардың несібесіне ортақтасу деп қабылданды.

«Білімге бөлінген әр тиын — болашаққа салынған инвестиция», ал оны жымқыру — келешек ұрпақтың жолын кесу деген ашынған пікірлер жиі айтылды.

Мемлекет соңғы жылдары білім беру жүйесін дамытуға қыруар қаржы бөліп, мұғалімдердің жалақысын екі есе өсірді, жаңа мектептер салып, білім инфрақұрылымын жаңғыртуды қолға алды. 2021-2023 жылдары ғана Қазақстан бойынша білім саласына 12,1 трлн теңге жұмсалып, ұстаздардың еңбекақысы, мектептердің материалдық базасы айтарлықтай жақсарды. Соған қарамастан, мектептер мен білім басқармаларындағы жемқорлық деректері тыйылар емес, жүйедегі жемқорлық мемлекет жүзеге асырған реформаларды артқа тартуда. Түркістан облысындағы жағдай — соның ең сорақы дәлелі.

Қоғам өкілдері, сарапшылар жергілікті билік пен құзырлы органдарға талап қоюда: білім саласындағы бақылауды күшейтіп, қаржының мақсатты жұмсалуын қатаң тексеру керектігі айтылуда. Әсіресе, әр аудандағы білім бөлімдерінде ішкі аудит қызметін жолға қою, цифрлық бақылауды енгізу ұсыныстары талқылануда. Кейбір белсенділер «жемқорлық жасаған бухгалтер мен басшыға білім саласына өмір бойы жолатпау керек» деп мәлімдеп отыр. Баласының білімінен ақша үнемдеген шенеуніктің әрекеті әр ата-ананың жанына батып, наразылықтың астары халықтың билікке деген сеніміне сызат түсіргені анық.

Жемқорлық дауылынан кейін облыстағы білім бөлімдерінде кадрлық тазарту жүргізіліп жатқаны хабарланды. Кінәлі деп танылған есепшілер мен лауазымды тұлғалар жұмыстан қуылды, орнына жаңа мамандар тағайындалуда. Дегенмен қарапайым халық «жаңа келгендер де баяғы жартас сол жартас болмай ма» деп күдіктенеді. Өйткені білім саласын қаржыландыру жүйесіне түбегейлі реформа жасалмай, тек адамдарды ауыстыру жағдайды өзгертпейді деп санайтындар көп. Бұл жанайқайдың негізі де бар: миллиардтарды жымқырғандарды соттау мәселенің бір жағы ғана, ал сол миллиардтардың білім жүйесіне қайтып келуі, орны толуы — ең маңыздысы.

Қазірдің өзінде ұрланған қаржының тек белгілі бір бөлігі ғана өндірілгені белгілі (мысалы, Шардарада 3,7 млрд-тың 640 миллионы ғана қайтты, Мақтааралда 2,4 млрд-тың 333 миллионы ғана қайтты). Қалған қаржының тағдыры беймәлім, яғни мектептерге жетпей қалды деген сөз. Бұл өз кезегінде мектептердің материалдық базасына, оқу сапасына теріс әсер етері сөзсіз.

Жаза мен сабақ: билік не істемек?

Орасан жемқорлық ашылған соң құқық қорғау органдары мен сот жүйесі шұғыл шараларға кірісті. Қазіргі таңда Түркістан облысында білім саласындағы 7 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, 100-ден астам адам жауапқа тартылуда. 2024 жылдың өзінде бірнеше іс сотқа жетіп, үкімдер шыға бастады. Сот залынан талай «ақ жағалылар» темір торға тоғытылды. Мысалы, жоғарыда аталған Сарыағаш ауданындағы іс бойынша үш бірдей бөлім басшысы мен 8 бухгалтер сотталды. Шардарадағы 14 қызметкердің үкімінде бөлімнің экс-басшысы 10 жылға жабылып, басқа тұлғаларға да түрлі мерзімге жаза тағайындалды. Жетісай, Созақ, Келес секілді аудандардағы үкімдерде де кінәлілердің көбіне 7-8 жыл шамасында бас бостандығынан айыру жазасы кесілу үстінде. Кейбірі мемлекетке келтірілген залалды ішінара өтегендіктен немесе жас балалары болуына байланысты шартты түрде немесе жазаны кейін өтеу шараларымен босатылғандар да бар. Дегенмен, көпшілігі өмірінің біраз жылын түрмеде өткізетіні анық.

Мұндай сабақ боларлық үкімдерден бөлек, мемлекет ұрланған қаржыны қайтару және қайталанбас үшін жүйелік өзгерістер енгізуге қадам жасауда. Облыс прокуратурасы мен Экономикалық тергеу департаменті білім бөлімдерінде қаржының жұмсалуына мониторингті күшейтіп, аудитті жыл сайын өткізуді ұсынды. Облыс әкімдігі 2024 жылдың өзінде барлық білім ұйымдарында арнайы мониторинг жүргізіп, кемшіліктерді анықтауға шешім қабылдағанын хабарлады. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев 2025 жылдың қаңтарында өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде: «Былтыр білім саласындағы жемқорлық деректерін жою мақсатында тексеру жұмыстары жүрді. Білім сапасын жақсарту жолындағы жұмысты тоқтатпаймыз. Саладағы өзекті мәселелер айқындалып, шешу жолдары ұсынылды» деп мәлімдеп, барлық аудан-қалаларға нақты тапсырмалар берген. Яғни, өңір басшылығы да бұл оқиғалардан сабақ алып, бақылауды күшейтуге уәде беріп отыр.

Сонымен, Түркістан облысының білім беру саласын жайлаған жымқырылған миллиардтар оқиғасы қоғамға үлкен серпін берді: бір жағынан, құқық қорғау органдары бұған дейінгі салақтықты қойып, бел шешіп кіріспесе, мұнша қылмыс әлі де жалғаса берер ме еді деп ойландырады; екінші жағынан, жүйені іштен жегідей жеген жемқорлықты түбірімен жою үшін тек жазалау аздық ететіні де анық. Қоғамның талап етіп отырғаны — ашықтық пен алдын алу. Бюджет қаржысының әр теңгесі қатаң қадағаланып, білім бөлімдерінің жұмысы жариялы түрде бақылауда болса, мұндай сорақылық қайталанбайды деп үміттенеді халық.

Азамат Қойшығара
Автордың басқа материалдары