Түркістан облысында су тапшылығынан 600 гектар күріш алқабы зардап шекті, деп хабарлайды kznews.kz.
POVestka Telegram-арнасының жазуынша, Премьер-министр Олжас Бектенов өткен жылдың желтоқсан айында оңтүстік өңірлердің әкімдіктеріне былтырғы су тапшылығының қайталануына жол бермеуді тапсырған болатын. Осыған байланысты өңірлерге су пайдалану лимиттері алдын ала бекітіліп, су көп қажет ететін дақылдардың егіс алқабын қысқарту, белгіленген көлемнен тыс егіске жол бермеу және суару жүйелерін дайындау міндеттелді.
Алайда бұл талаптардың барлығы бірдей орындалмаған.
"Суару маусымының қызған шағында Түркістан облысында шамамен 35 шаруа қожалығы сусыз қалып, салдарынан 600 гектарға жуық күріш алқабы зардап шекті. Бұған күріштің бекітілген лимиттен тыс, келісілген жоспарға қайшы егілгені себеп болған. Сондықтан бұл алқаптарға мемлекет бастапқыда су беруге кепілдік бермеген", - деп жазады басылым.
Егіс науқаны басталғанға дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлер бойынша су пайдалану лимиттерін бөліп, егіс көлемін келісіп, белгіленген мөлшерден артық су берілмейтінін және мұндай жағдайда келген шығын өтелмейтінін алдын ала ескерткен.
Сонымен қатар мемлекет өз міндеттемелерін орындағанын мәлімдеді. Оңтүстік өңірлер үшін су пайдалану лимиттері бекітіліп, күріш егістігінің көлемі шектелді, ал суару инфрақұрылымын дайындау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. «Қазсушар» кәсіпорны 1840 шақырымға жуық каналды тазалап, жүздеген шақырым ирригациялық желіні жаңғыртып, гидротехникалық нысандарға жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ суды цифрлық есепке алу жүйесі, электрондық келісімшарттар мен ғарыштық мониторинг енгізіліп жатыр.
Биылғы жұмыс күрделі гидрологиялық жағдайда өтті. Сырдария өзені бассейніндегі су көлемі азайып, Қазақстанға келетін су мөлшері орташа көпжылдық көрсеткіштің шамамен 70 пайызы деңгейінде болады деп болжанған. Соған қарамастан, шілде айының басына қарай оңтүстік су қоймаларында өткен жылмен салыстырғанда көбірек су жиналып, бекітілген лимиттер аясында диқандар қажетті сумен қамтамасыз етілген.
Ауыл шаруашылығы министрлігі де егіс құрылымын алдын ала қайта қарап, алғаш рет ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемін су қорына қарай есептеген. Нәтижесінде республика бойынша күріш алқабы 20 мың гектардан астам қысқартылып, су үнемдеу технологияларын қолдану кеңейтілді.
Соған қарамастан, кейбір шаруашылықтардың лимиттен тыс күріш егуіне не себеп болғаны және Үкімет тапсырмасының орындалуын бақылауға тиіс әкімдіктердің мұндай жағдайға қалай жол бергені әзірге ашық күйінде қалып отыр. Салдарынан шығынды фермерлер көтеруге мәжбүр болды.