Түркістан облысы Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылында ит бес жасар қызға шабуыл жасап, бала ауыр жарақат алды, деп хабарлайды kznews.kz.
24KZ мәліметінше, оқиға қыз бала аулада өзге балалармен ойнап жүрген кезде болған. Кенеттен ит тап беріп, бүлдіршіннің бетін қатты тістеген. Жарақат алған бала шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді.
Дәрігерлердің айтуынша, қыздың оң жақ беті ауыр жарақаттанған. Көзінің астыңғы тұсындағы тері жыртылып, жарақаты өте терең болған. Мамандар балаға шұғыл ота жасағанымен, оның бетінде тыртық қалуы мүмкін екенін айтты.
Алдағы уақытта, шамамен бір жарым жылдан кейін, бүлдіршінге пластикалық операция жасалуы ықтимал.
Қазір полиция иттің иесін анықтап, оны жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Жергілікті тұрғындар соңғы уақытта өңірде агрессивті иттердің адамдарға шабуыл жасау оқиғалары көбейгенін айтып, қауіпсіздік мәселесіне алаңдап отыр.