Түркістан облысы Шардара аудандық білім бөлімінің басшысы мен есепшілеріне қатысты сот үкімі жарияланды. Бюджеттен 4 миллиард теңгеге жуық қаражатты талан-таражға салғаны үшін барлығы 15 адам түрлі жазаға тартылды, деп хабарлайды Kznews.kz.
Сот шешімі бойынша басты айыпталушы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалған айыпталушыларға 7 жылға дейінгі мерзімге жаза тағайындалды. Үш сотталушының жасы 62-ден асқаны себепті оларға бас бостандығын шектеу түріндегі жазалар берілді. Сонымен қатар, кәмелет жасына толмаған балалары бар екі сотталушы жазасын бес жылдан кейін өтейтін болды.
Тергеу мәліметтері бойынша, айыпталушылар ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, бюджет қаражатын жосықсыз мақсатта пайдаланды. Олар жұмыс істемейтін адамдарға жалған жалақы аударып, кейін қаржыны жеке шоттары арқылы шешіп алып, дүние-мүлік пен қымбат заттарға жұмсаған.
Сот процесінде қылмыстық жолмен алынған мүліктер мемлекет пайдасына тәркіленді. Оның құрамына үйлер, пәтерлер, 20-дан астам жылжымалы және жылжымайтын мүлік кіреді. Сонымен бірге айыпталушылардың бірі иелік еткен сауда орталығындағы алтын сататын орын да мемлекетке қайтарылды.
Сот отырысы 7 айға созылды. Айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденді. Алайда басты айыпталушының туыстары шығарылған үкіммен келіспейтінін мәлімдеді.