Түркістан облысында өз әкесіне жүйелі түрде күш көрсеткен Алмас Садақбаевқа қатысты іс қайта қаралып, сот үкімі қатаңдатылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Сот шешіміне сәйкес, бұрын тағайындалған жаза өзгертіліп, енді айыпталушы 5 жыл емес, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Мұндай шешім жасалған қылмыстың ауырлығын ескере отырып қабылданған.
Тергеу материалдарына сүйенсек, ер адам науқас әкесіне күтім көрсетудің орнына, оны бірнеше рет қорлап, күш қолданған. Сот отырысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты деректер жан-жақты қаралды.
Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Әлеуметтік желілерде ер адамның әкесін ұрып-соққан видеосы таралып, көпшіліктің наразылығын туғызды.
Анықталғандай, Алмас Садақбаев 2025 жылдың мамыр айында Қоссейіт ауылынан үй сатып алып, өздігінен жүріп-тұра алмайтын 70 жастағы әкесін сонда көшірген. Алайда кейін ол әкесін үй ауласында ұрып-соққаны белгілі болды.