Аякөз ауданы әкімдігі: Айғыз ауылының ауыз су мәселесі тамызға дейін шешіледі
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Тұрғын үй нарығы: Алматы, Астана, Қарағанды алып-сату бойынша көш бастап тұр

Тұрғын үй нарығы: Алматы, Астана, Қарағанды алып-сату бойынша көш бастап тұр
Фото: ашық дереккөздерден

Тұрғын үй нарығында айтарлықтай жандану байқалып отыр. Дерекке қарасақ, өткен маусым айында ел бойынша тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 39 053 мәміле тіркелген.

Бұл мамыр айымен салыстырғанда көрсеткіш 28,4 пайызға көп. Яғни, бір ай бұрынғы мәмілелер саны 30 420 болған еді.

Статистикаға сәйкес, тұрғын үй нарығындағы ең жоғары белсенділік дәстүрлі түрде ірі қалаларда сақталып отыр екен. Мәмілелер саны бойынша Алматы көш бастап тұр, 6 841 мәміле немесе жалпы көлемнің 17,5 пайызы мегаполиске тиесілі. Екінші орында Астана қаласы 6 436 мәмілемен, жалпы үлесі 16,5 пайыз болып тұр. Үшінші орынға Қарағанды облысы шықты, мұнда 3 772 мәміле жасалып, республикалық көрсеткіштің 9,7 пайызын құрады.

Ал осы кезеңде ең аз мәміле Ұлытау облысында тіркелген көрінеді. Өңірде маусым айында небәрі 360 тұрғын үй сатып алу-сату келісімі жасалған, бұл республикадағы барлық мәміленің 0,9 пайызына тең.

Жалпы, нарықтағы өсімнің негізгі бөлігі көппәтерлі тұрғын үйлер сегментіне тиесілі болды. Маусымда пәтерлер бойынша 29 432 мәміле жасалып, бұл барлық тұрғын үй мәмілелерінің 75,4 пайызын құрады. Мамыр айымен салыстырғанда көпқабатты үйлердегі мәмілелер саны 25,9 пайызға немесе 6 051 мәмілеге көбейген.

Сондай-ақ, пәтерлерді сатып алу-сату бойынша да Астана мен Алматы алдыңғы орында. Барлық пәтер мәмілелерінің 21,4 пайызы Астанаға, 21,2 пайызы Алматыға тиесілі. Қарағанды облысының үлесі 10,5 пайызды құрады.

Қорыта айтқанда, тұрғын үй нарығындағы белсенділіктің артуына маусымдық факторлар, ипотекалық бағдарламаларға сұраныстың сақталуы және халықтың тұрғын үйге инвестиция салуға деген қызығушылығы әсер етуі мүмкін. Дегенмен, нарықтағы бұл қарқынның алдағы айларда сақталуы тұрғын үй бағасының өзгерісіне, ипотекалық несиелеу шарттарына және халық табысының динамикасына тікелей байланысты болмақ.

Автор
Гүлжан Амангелдіқызы

журналист-жазушы. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің түлегі. «Арай +» телеарнасында, «Қазақстан - Атырау» телеарнасында редактор, «Жетісу Университеті», «Нұрлы өлке» газеттерінде тілші және Baq.kz, Inbusiness.kz, El.kz ақпараттық порталдарында фрилансер болған.