Әйгілі голливудтық режиссер әрі актер Роб Райнер мен оның жары, актриса Мишель Сингер Райнердің қазасына байланысты олардың ортаншы ұлы Ник Райнерге екі адамды қасақана өлтірді деген айып тағылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Айыпталушы сот отырысында өз ұстанымын ашық білдірмей, судья құқықтарын түсіндірген соң тек "иә, құрметті сот" деген сөзбен шектелген. BBC мәліметінше, келесі сот отырысы 7 қаңтарға белгіленген. Ал марқұмдардың өзге балалары қоғамнан қайғыға ортақтасып, бауырларына қатысты айыпты талқылаудан аулақ болуды, адамгершілік пен мейірім танытуды сұраған.

Сот процесінен кейін Ник Райнердің адвокаты Алан Джексон бұл іс бойынша күрделі әрі маңызды сұрақтар барын айтып, олардың барлығы жан-жақты әрі мұқият зерттелуі тиіс екенін мәлімдеді.
Тергеу деректеріне сәйкес, Роб Райнер мен Мишель Сингер Райнер Лос-Анджелестегі өз үйлерінде пышақталып өлтірілген, олардың мәйітін қыздары тапқан. Осыдан кейін Ник Райнерге екі адамды қасақана өлтірді деген ресми айып тағылды.
32 жастағы Ник Райнердің жасөспірім кезінен есірткіге тәуелді болғаны, кейін оны тастағанымен, бұл жағдай денсаулығына кері әсер еткені айтылады. Америкалық БАҚ мәліметінше, қылмысқа дейін ол ата-анасымен Голливудтағы кештердің бірінде жанжалдасқан.
Егер айып дәлелденсе, Ник Райнерге өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы тағайындалуы мүмкін.

Марқұм Роб Райнер режиссерлік мансабында 20-дан астам фильм түсіріп, америкалық киносүйер қауымның ерекше ықыласына бөленген. Оның ең танымал туындылары қатарында "Мизери", "Принцесса-невеста", "Когда Гарри встретил Салли" фильмдері бар. Режиссерлік жолын 1980 жылдары "This Is Spinal Tap!" псевдодокументалды комедиясымен бастап, бұл фильм кейін культтік туындыға айналды. 2025 жылдың қыркүйегінде аталған картинаның жалғасы – "Spinal Tap 2" жарық көрді.
Актер ретінде ол "Неспящие в Сиэтле", "Волк с Уолл-Стрит", "This Is Spinal Tap!" фильмдерінде ойнаған.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама, экс-вице-президент Камала Харрис және Калифорния штатының губернаторы Гэвин Ньюсом марқұмдардың отбасына көңіл айтты.
Роб пен Мишель Райнер 1989 жылы шаңырақ көтерген. Ерлі-зайыптының үш баласы бар. Сондай-ақ Роб Райнердің актриса әрі режиссер Пенни Маршалмен некесінен асырап алған қызы – актриса Трейси Райнер бар.
