Тележүргізуші әрі кәсіпкер Динара Сәтжан журналист Шолпанға берген сұхбатында күйеуі Жұмабек Жанықұловтың бұрынғы отбасына қатысты айтылып жатқан пікірлерге жауап берді. Бұған дейін кәсіпкердің бұрынғы жұбайы Жанна Жанықұлова әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялап, Алматыдағы сотта неке шарты мен алимент келісіміне қатысты іс қаралып жатқанын айтқан еді, деп хабарлайды kznews.kz.
Ол бұрынғы жұбайының сотқа жүгінуі заңды құқығы екенін айтып, бұл іске араласқысы келмейтінін жеткізді.
“Біріншіден, бұл – әр адамның конституциялық құқығы. Егер бір нәрсе көңіліңнен шықпаса, сотқа жүгінуге болады. Бұл – қалыпты жағдай. Мен олардың жеке ісіне араласқым келмейді. Өйткені бұл менің шаруам емес, маған қатысы жоқ. Бұл – оның құқығы. Ол неке келісімін бұзуға, жаңа шарттарды талқылауға толық құқылы”, – деді Динара Сәтжан.
Алайда тележүргізуші Жұмабек Жанықұловқа қатысты “балаларын тастап кетті”, “алимент төлемейді” деген пікірлермен келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, күйеуі өз балаларына қамқорлық жасап отыр.
“Мені қынжылтатыны басқа нәрсе. Facebook, Threads, Instagram, TikTok желілеріндегі пікірлерді оқып отырмын. Көпшілік “Ол бес баласын тастап кетті, оларды ештеңесіз қалдырды, алимент төлемейді” деп жазып жатыр. Алайда өз қаражатына қаншама адамға көмектесіп жүрген адам туған балаларына көмектеспейді деу қисынсыз”, – деді ол.
Динара Сәтжан күйеуінің қайырымдылықпен айналысатынын, студенттерге, спортшыларға және ұстаздарына қолдау көрсететінін атап өтті. Оның айтуынша, Жұмабек Жанықұлов Испанияда тұратын екі жас теннисшінің оқуын толық қамтамасыз етіп отыр.
Сондай-ақ ол Жанықұловтың көптеген студентке шәкіртақы төлейтінін, достарымен бірге студенттерге арналған жатақханалар салуға атсалысқанын айтты.
“Ол көптеген студентке шәкіртақы төлейді. Достарымен бірге 2000-жылдардан бері студенттерге арналған жатақханалар салып келеді. Жандосов – Әл-Фараби маңында “Мұғалім” деген жатақхана бар. Бір кезде оған жігіттер келіп, педагогикалық факультет студенттеріне жатақхана жасағысы келетінін айтқан. Ол ғимаратты сатып алып, достарымен бірге жөндеу жұмыстарын жүргізген. Мұның бәрі студенттер үшін жасалған”, – деді Сәтжан.
Тележүргізуші Жанықұловтың балалары шетелде білім алып жатқанын, олардың оқуына, жеке мектептері мен балабақшаларына кететін шығынды әкесі көтеріп отырғанын айтты.
“Оның балалары өте жақсы. Үлкен ұлы Америкадағы университетті тәмамдап, қазір әкесінің жанында, оның компаниясында жұмыс істеп жүр. Тағы бір ұлы Америкада оқып жатыр. Яғни балаларының шетелдегі білімі, жекеменшік мектептері, балабақшалары – бәрі толықтай оның мойнында. Сондықтан “ол ештеңе төлемейді”, “біреуді тастап кетті” деу – шындыққа жанаспайды”, – деді ол.
Динара Сәтжан бұрынғы отбасының ішкі мәселесіне араласқысы келмейтінін тағы да атап өтті. Бірақ бір кездері күйеуінен бұрынғы жұбайының жағдайы туралы сұрағанын айтты.
“Мен бұл мәселеге мүлде араласқым келмейді. Бір жолы одан “Оны ренжітіп қойған жоқсың ба? Оның жағдайы жақсы ма? Ол жеткілікті өмір сүре ме?” деп сұрадым. Ол “Әрине” деді. Қаржылық жағынан бәрі дұрыс сияқты. Бар дүниесін қалдырған: барлық жылжымайтын мүлікті, одан бөлек өздерінің жеке келісімдері бар”, – деді тележүргізуші.
Сонымен қатар Динара Сәтжан Жұмабек Жанықұловқа қатысты “тартып алды”, “ажырастырып жіберді” деген пікірлерге де жауап берді. Оның айтуынша, ересек адам өз таңдауын өзі жасайды және өз әрекеті үшін өзі жауап береді.
“Мен, ең алдымен, балалар үшін уайымдадым. Оның тарапынан да, менің тарапымнан да қабылдау болғанын қаладым. Мен үшін ең маңыздысы да, ең көп уайымдағаным да осы еді. Әрине, бәріміздің арамызда дұрыс қарым-қатынас болғанын, бір үлкен отбасы сияқты бола алғанымызды қаладым”, – деді ол.
Тележүргізуші бүгінде өз өміріне қатысты шешімдерді өзі қабылдайтынын айтты.
“Менің ойымша, ересек адам, әсіресе елу жастағы адам, өз таңдауын өзі жасай алады және өз әрекеті үшін өзі жауап береді. Ал “тартып алды”, “ажырастырып жіберді” деген сөздерге келсек, егер адамдар мұны қалай жасауға болатынын біледі деп ойласа, өздері білсін. Меніңше, адамдар бәрібір саналы түрде өмір сүреді және шешімді өздері қабылдайды”, – деді Динара Сәтжан.
Еске салайық, бұған дейін Жанна Жанықұлова өзін Жұмабек Жанықұловтың бұрынғы жары әрі бес баланың анасы ретінде таныстырып, экс-жұбайымен 20 жыл бірге тұрғанын мәлімдеген. Оның сөзінше, ажырасуға бұрынғы күйеуінің опасыздығы себеп болған. Сондай-ақ ол неке шарты некеде тұрған кезде емес, ажырасу туралы шешім қабылданғаннан кейін ғана пайда болғанын айтқан.
Жанықұлованың сөзінше, қазір Алматыдағы ювеналды сотта неке шарты мен алимент төлеу туралы келісімді жарамсыз деп тану жөніндегі іс қаралып жатыр. Ол сот процесінің әділ өтуін сұрап, қоғам белсенділері мен жауапты тұлғаларға үндеу жасады.
“24 маусымда өткен сот отырысында судья берілген бірқатар өтініштерді қанағаттандырмады. Солардың бірі табысқа қатысты болған. Салық органдарынан “Каражал Оперейтинг” компаниясы бойынша мәлімет алынды. Онда үш жылдық табыс 20 миллиард теңгеден асқан. Ал мұндай компаниялар саны 18-ге жетеді. Судья бұл дерекке назар аудармады. Сол себепті менің адвокатым судьяға қарсылық білдірді. Бұрынғы күйеуім Жұмабек Жанықұловтың әкімшілік, материалдық мүмкіндіктерін түсіне отырып, ол өз активтерін сақтау үшін бәрін істейтінін білемін. Сол үшін мен қоғам белсенділерінен, жауапты тұлғалардан менің ісім толықтай қаралып, әділдік орнауын сұраймын”, – деді Жанна Жанықұлова.