Әлеуметтік, мәдени және дәстүрлі даму тұрғысынан алғанда еліміздің әр өңіріндегі өмір қайнап жатқаны анық. Дегенмен, экономикалық даму тұрғысынан орталыққа кіндігінен байланған облыстарға қатысты шындық бәрібір айтылуға тиіс.
Әлбетте, бұл жерде біз аймақтарды елдік мүддеден тыс қарастыруға қарсымыз, керісінше, Қазақстанның әрбір облысы экономикалық тұрғыдан нығайып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына қатысты кез келген бастаманы қолдауға дайынбыз. Өкінішке қарай, аймақтардағы атқарушы билік жүйесінің жұмысын сараланған құжаттарды қараған сайын, бірқатар облыстарда кемшілік бары байқалады. Соның маңыздысы шешім қабылдау тұрғысынан орталыққа жалтақтау мен республикалық бюджетке алақан жаю екенін тағы еске саламыз. Дәл осы тұрғыда субвенция мен трансферттерге "жатып алған" аймақтар туралы сөз жалғасады.
Қарасақ, Қызылорда облысының да 2026 жылғы бюджетінде трансферттердің үлесі 90 пайыздан асады екен. Қыркүйектің басындағы есеп бойынша республикалық бюджеттен 361,3 млрд теңге субвенция түскен. Сонымен бірге облыс бюджетінде 70,5 млрд теңге тапшылық болғаны айтылады. Әрине, бұл сандар өңірдің қаржылық мүмкіндігі мен бюджетке тәуелділігін қатар қарастыру қажеттігін көрсетеді.
Жалпы, Қызылорда облысына республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі өңірдің әлеуметтік міндеттемелерін орындауда маңызды рөл атқарады. Дегенмен, білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылым және әлеуметтік қолдау секілді салаларды қаржыландыруға мүмкіндік беретін бұл қаражаттың тиімділігі тек игерілу деңгейімен емес, тұрғындардың тұрмысында болған өзгерістермен де өлшенуге тиіс сияқты.
Облыстың бюджет құжаттарын, оның атқарылуы туралы есептерді және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді салыстырғанда, бірнеше маңызды мәселе назар аудартады.
Қызылорда облыстық мәслихатының 2026 жылғы 28 тамыздағы №266 шешімімен облыстың 2026 жылға арналған бюджеті нақтыланған. Құжат бойынша кірістер 605,3 млрд теңге, шығыстар 603,2 млрд теңге көлемінде бекітілген. Оның ішінде салық түсімдері 41,15 млрд теңге болса, трансферттер түсімі 553,88 млрд теңгені құрайды.
Демек, трансферттер облыс бюджетінің жалпы кірісінің шамамен 91,5 пайызын құрайды. Ал салық түсімдерінің үлесі небәрі 6,8 пайызға жуық. Бұл арақатынас өңірдің бюджет шығыстарын қаржыландыруда сырттан бөлінетін қаражатқа тәуелді екенін көрсетеді.
Әрине, трансферттердің барлығын субвенция деп қарастыруға болмайды. Оның құрамына республикалық бюджеттен берілетін субвенциямен қатар, нақты мақсаттарға арналған нысаналы трансферттер де кіреді.
Қызылорда облысының экономика және қаржы басқармасының биылғы 1 - қыркүйектегі есебінде республикалық бюджеттен алынған трансферттер 379,61 млрд теңге деп көрсетілген. Оның 361,28 млрд теңгесі субвенция, ал 18,33 млрд теңгесі нысаналы даму трансферттері екен. Осылайша, субвенция өңірдің қаржылық жүйесіндегі негізгі көздердің бірі болып отыр. Оның көмегімен жергілікті бюджет өз кірістерімен толық жаба алмайтын шығыстарды қаржыландырады.
Енді ақша игеруге қатысты мәселеге оралайық. Қыркүйектегі ресми есепке сәйкес, облыс бюджетінің кірістері 99,7 пайызға орындалған. Болжам 533,59 млрд теңге болса, нақты түсім 532,25 млрд теңгені құраған. Оның ішінде облыстың өз кірістері бойынша 102,52 млрд теңге деп жоспарланып, нақты 101,36 млрд теңге түскен. Республикалық бюджеттен алынған трансферттердің орындалуы 99,9 пайыз болған.
Шығыстар бойынша жоспар 498,61 млрд теңге болса, нақты кассалық шығын 497,43 млрд теңге болған. Осылайша, шығыстардың орындалуы 99,8 пайызға жеткен, игерілмеген қаражат 1,18 млрд теңгені құраған.
Бір қарағанда, бұл бюджеттің жоғары деңгейде орындалғанын көрсететін нәтиже. Бірақ, қаражаттың уақытында жұмсалуы мен оның қоғамға нақты пайда әкелуі екі бөлек мәселе.
Мысалы, жол жөндеуге бөлінген ақша толық игерілуі мүмкін. Алайда, жолдың сапасы, жөндеудің ұзаққа жарамдылығы және тұрғындардың қатынау жағдайының жақсаруы бөлек бағалануы керек. Сол сияқты, мектеп құрылысы аяқталғанымен, оның оқушы орындарының тапшылығын қаншалықты азайтқаны да маңызды.
Сондықтан бюджеттің орындалу пайызы деген қаржының игерілуін көрсететін көрсеткіш қана болып қалады. Яғни, ол қаражаттың тиімді жұмсалғанын өздігінен дәлелдемейді.
Осы бағытта ізденсек. Мысалы, Қызылорда облысының 2026 жылғы бюджетінде білім беру саласына 299,1 млрд теңге қарастырылған екен. Бұл облыстың жалпы бюджет шығыстарының шамамен жартысы. Қуаныштысы, қазір облыста апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын мектептер жоқ екен. Есесіне, білім сапасына қатысты алаңдаушылық бар. Мәселен, 2025–2026 оқу жылының бірінші жартыжылдығында облыс бойынша орташа білім сапасы 71,7 пайыз болған. Бірақ, бұл көрсеткіш оқушылардың нақты білім деңгейін толық сипаттамайды дейді. 2025 жылы білім сапасын қамтамасыз ету департаменті 49 мектептегі 3 696 оқушыны кешенді тестілеуден өткізгенде, білім сапасы 39 пайыз деңгейінде тіркелген болатын. Бұл нәтиже барлық мектепке ортақ көрсеткіш емес, алайда жекелеген білім ұйымдарында оқушылардың білімін тереңірек бағалау қажеттігін көрсетеді Яғни, осы білім беру шығындарының көлемі өңірдегі әлеуметтік міндеттемелердің ауқымын көрсетеді.
Инфрақұрылымға қатысты да осындай сұрақтар бар. Облыстың бюджет құжаттарында газбен жабдықтау, сумен қамту, су бұру, электр желілері, инженерлік-коммуникациялық және көлік инфрақұрылымын дамыту бағыттары қарастырылған. Бұл жобалар ұзақ мерзімде тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға және кәсіпкерлік үшін жағдай жасауға ықпал етуі мүмкін. Бірақ олардың тиімділігін бағалау үшін нақты аяқталған нысандар, қамтылған елді мекендер, жобалардың құны және пайдалануға берілгеннен кейінгі нәтижелері туралы ақпарат кемшін. Қолда бар жиынтық бюджет деректері әрбір сала бойынша осындай нәтижелерді толық анықтауға жеткіліксіз болып отыр.
Әрине, облыста экономикалық өсім бар. Бірақ, ол өсім халықтың әл-ауқатына қаншалықты әсер етті деген сауал туады.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2026 жылғы бірінші жартыжылдықта Қызылорда облысының жалпы өңірлік өнімі 1,498 трлн теңгені құрап, нақты көлем индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға өскен.
Сонымен қатар, 2026 жылғы екінші тоқсанда облыстағы орташа айлық атаулы жалақы 418 672 теңге болған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 6 пайызға жоғары. Алайда, нақты жалақы индексі 95,6 пайызды құраған, яғни сатып алу қабілеті бір жылда 4,4 пайызға төмендеген.
Бұл екі көрсеткіш маңызды мәселені көрсетеді. Бір жағынан, өңір экономикасы нақты өсім көрсеткені қуантады. Екінші жағынан, атаулы жалақының өсуі тұрғындардың сатып алу қабілетінің жақсарғанына кепіл бола алмай отырғаны өкінішті.
Дегенмен, осы деректердің негізінде субвенция халықтың тұрмысын жақсартпады немесе экономикалық өсімге әсер етпеді деген қорытынды жасауға болмайды. Дегенмен, бюджет тапшылығы мен қарыз міндеттемелері туралы да ұмытпауымыз керек. Облыстың 2026 жылғы нақтыланған бюджетінде бюджет тапшылығы 70,48 млрд теңге көлемінде белгіленген. Сонымен бірге бюджеттік кредиттер беру көлемі 109,11 млрд теңге, ал кредиттерді өтеу 40,11 млрд теңге деп көрсетілген.
Тоқетерін айтқанда, Қызылорда облысының 2026 жылғы бюджеті өңірдің республикалық трансферттерге едәуір тәуелді екенін көрсетеді. Қыркүйектің басындағы есепте субвенция түсімі 361,28 млрд теңгеге жетіп, бюджет шығыстарының орындалуы 99,8 пайыз болған. Сонымен бірге облыстың нақты жалпы өңірлік өнімі 4 пайызға өскенімен, нақты жалақы индексі 95,6 пайызды құраған. Бұл экономикалық өсім мен халықтың сатып алу қабілеті арасында айырмашылық бар екенін аңғартады.
Екіншіден, бюджеттің тиімділігі бөлінген миллиардтардың көлемімен ғана өлшенбейді. Оның нәтижесі сапалы мектеп, қолжетімді медицина, сенімді инфрақұрылым, тұрақты жұмыс орындары және тұрғындардың сатып алу қабілетінің артуымен өлшенсе керек. Ал республикалық қолдаудың ұзақ мерзімді мақсаты өңірдің бүгінгі қажеттіліктерін өтеумен шектелмей, алдағы кезеңде өз кірістерін арттыруға мүмкіндік беретін экономикалық негіз қалыптастыру болуға тиіс. Дәл осы жерден аймақтың атқарушы билігінің жұмысына деген қызығушылық артады.
Айтпақшы, Қызылорда облысының қазіргі әкімі Мұрат Ергешбаев билікке жақында барды. Дегенмен, саяси тұлға ретінде ол өңірге бөтен емес. Алайда, Ергешбаевтың ерік-жігері облысты республикалық бюджетке тәуелділіктен арылтуға жете ме, әлде алдыңғы әкімдер сияқты пропагандамен айналыса ма, оны уақыт көрсетеді...