Германияның Итцехо қаласындағы сот төрт айлық қызын тиісті тамақ пен сұйықтықсыз қалдырып, өліміне себеп болған ерлі-зайыптыны өмір бойына бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды kznews.kz.
Сот ата-ананы әрекетсіздік арқылы адам өлтіру және балаға қатыгездік көрсету баптары бойынша кінәлі деп таныған.
Тергеу дерегінше, сәби 2025 жылғы 26 қыркүйекте қайтыс болған. Сол кезде оның салмағы шамамен бір келі ғана болған.
Ата-анасы қауіптің барын білген
Құқық қорғау органдары ерлі-зайыптының баланың өміріне қауіп төніп тұрғанын түсінгенімен, оны жеткілікті мөлшерде тамақтандырмағанын және сұйықтық бермегенін анықтады.
Сәбидің анасы қайғылы оқиғадан екі апта бұрын қызының салмағы тез төмендей бастағанын байқағанын айтқан. Соған қарамастан, отбасы дәрігерлер белгілеген тексерулерге бармаған.
Ал әкесі әрекетсіздігін психологиялық қиындықтармен, ауыр эмоционалдық жағдаймен және есте сақтау қабілетінің нашарлауымен түсіндіруге тырысқан.
Қамқоршылық қызметі отбасын тексерген
Қайғылы жағдайға дейін отбасыға қамқоршылық қызметінің мамандары бірнеше рет барған. Алайда тексеру барысында олар заңбұзушылық белгілерін байқамай, баланың тұрмыс жағдайын қанағаттанарлық деп бағалаған.
Сәби қайтыс болғаннан кейін ведомство қызметкерлері мен отбасының таныстарына қатысты жүргізілген тергеу тоқтатылды.
Сотта қорғаушылар ата-ананың әрекетін абайсызда адам өліміне әкелу ретінде қарастыруды сұраған.
Алайда сот ерлі-зайыптының баланы құтқару үшін қажетті шараларды саналы түрде қабылдамағаны туралы қорытындыға келді. Нәтижесінде олардың әрқайсысына өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.