Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым- Жомарт Тоқаевтың қазақша қойған сұрағына Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің орысша жауап беруі желіде талқыға түсті, деп хабарлайды kznews.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев KazLLM тілдік машинасын іске қосу мен Aitu мессенджерін қолданысқа енгізу жұмыстарын қатаң сынға алып, оларға сұраныс төмен екенін айтты.
"KazLLM бағдарламасы іске қосылды деп айттыңыз, бірақ менің білуімше бұл бағдарламаға сұраныс әлі төмен. Жұрт Chat GPT-ге жүгінеді, KazLLM-ге көшкісі келмейді. Сондықтан KazLLM айналасында не болып жатыр деген сұрақ бар" деді Мемлекет басшысы Мәдиевтің атқарылған жұмыстар туралы баяндамасынан кейін.
"Chat GPT-ді әлем бойынша жүздеген миллион адам, қазақстандықтардың 13%-ы қолданады. Aitu мессенджерін 700 мыңнан астам адам, бір миллионға жуық адам пайдаланады", - деп сөзін қазақша бастаған министр сасқалақтағанда орысшаға көшіп кетті.
Халыққа қызмет көрсету орталықтарының орнын басатын жаңа жүйе пайда болады
Президент Үкімет отандық Aitu мессенджеріне тиісті деңгейде көңіл бөлмей отырғанына назар аударды.
«Тіпті оны мемлекеттік қызметкерлер де пайдаланбайды. EGov AI деп аталатын әмбебап жасанды интеллект-көмекшісін (ассистентін) әзірлеу керек. Барлық азаматқа қолжетімді болатын осы жүйе біртіндеп Халыққа қызмет көрсету орталықтарының орнын басады», - деді Тоқаев.
Айта кетейік, бұған дейін өткен жылды қорытындылаған кездесуде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев БАҚ өкілдері алдында орысша баяндама жасап, тағы сынға қалған болатын. Қазақша ақпарат алуға ұмтылған журналистердің неге мемлекеттік тілде сөйлемейсіз деген сұрағына сол кезде қазақ тілін үйреніп жатырмын деп уәде беріп, шығарып салған еді.