Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко Ресей президенті Владимир Путинге Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаевтың Ұлы Отан соғысы жылдары ауыр жарақаттан кейін Омбыда емделгенін айтты, деп хабарлайды ТАСС.
Хоценконың сөзінше, 1945 жылдың қысында Кемел Тоқаев аяғынан ауыр жараланып, Омбыдағы әскери госпитальге эвакуацияланған. Жарақат өте ауыр болған: сүйегі сынғандықтан, дәрігерлер аяғын кесу мәселесін де қарастырған.
Алайда сол кезде жас хирург болған Гавриил Илизаров операция жасап, майдангердің аяғын сақтап қалған. Кейін ол әлемге танымал ортопед дәрігер ретінде белгілі болды.
"Кемел Тоқаев – майдангер. Ол 1945 жылдың қысында Омбыға эвакуацияланған. Сол кезде жас хирург Гавриил Абрамович Илизаров оған ота жасап, аяғын аман алып қалды. Ол уақытта Илизаров аппараты әлі болмаған, бұл құрылғы тек 10-11 жылдан кейін пайда болды", – деді Хоценко.
Губернатордың айтуынша, Омбыдағы бұрынғы госпиталь ғимаратында осы оқиғаға байланысты естелік тақта орнатылған.
Кемел Тоқаев 1942 жылы жаяу әскер училищесінде сержанттар курсын аяқтап, майданға аттанған. 1945 жылдың қаңтарында жараланып, алдымен Омбыда, кейін Алматыдағы әскери госпитальде ем қабылдаған.
Соғыстан кейін ол Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсті. Кейін журналист әрі жазушы ретінде танылып, қазақ әдебиетіндегі шытырман оқиғалы-детектив жанрының негізін қалаушылардың бірі болды.
Кемел Тоқаев 1986 жылы 10 қарашада 63 жасында өмірден өтті.