Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттарын сайлау аяқталғаннан кейін Үкіметтің өз өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. Сонымен қатар Министрлер кабинетінің құрамында бірқатар өзгеріс болатынын айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Президент бұл туралы Құрылтай сайлауында дауыс бергеннен кейін журналистердің сұрағына жауап беру кезінде айтты.
Atameken Business телеарнасының тілшісі Саяна Санақова Мемлекет басшысынан жаңа Үкіметтің құрылымы мен алдағы жұмыс бағыты туралы сұрады.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі Үкіметтің өзіне жүктелген міндеттерді орындап отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, әлемдегі бәсекелестіктің күшеюі Қазақстан экономикасына да жаңа талаптар қойып отыр. Сондықтан Үкімет нарықтағы өзгерістерге бейімделіп, сыртқы сын-қатерлерге жедел жауап бере білуі қажет.
Президент қазіргі Үкіметтің жұмысына дәл осы сәтте сын айтуға негіз жоқ екенін де айтты. Министрлер мен Үкімет басшысы өз міндеттерін атқарып жатқанын атап өткен ол алдағы кадрлық ауыс-түйістерді жұмыстың жаңа қарқын алуымен байланыстырды.
«Үкімет отставкаға кетеді. Үкімет құрамында бірқатар өзгеріс болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы кадрлық өзгерістің мақсаты белгілі бір тұлғаларды себепсіз қызметтен босату емес екенін ерекше атап өтті. Оның пікірінше, әрбір кадрлық шешім нақты нәтижеге бағытталуы тиіс.
«Кадрлық шешім шын мәнінде жұмысқа тың серпін беруі керек», – деді Президент.
Тоқаев сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңғыру үдерісі үздіксіз жалғасуы қажет екенін айтты. Оның сөзінше, реформаларды алға жылжытуда Үкіметтің рөлі маңызды.
Құрылтай сайлауынан кейінгі саяси өзгерістер аясында Үкіметтің жаңа құрамын жасақтау да күн тәртібіне шықпақ. Конституциялық реформаға сәйкес, Президент Премьер-министр кандидатурасын Құрылтайдың қарауына ұсынады, ал жаңа Үкіметтің құрылымын Мемлекет басшысы айқындайды.
Айта кетейік, Қазақстанда Құрылтайдың алғашқы сайлауы бүгін, 23 тамызда өтіп жатыр. Президент бұл күнді ел тарихындағы маңызды кезең деп бағалап, бір палаталы Құрылтайдың құрылуы жүргізіліп жатқан реформалардың жаңа кезеңінің бастауы екенін айтты.