Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің мәртебесіне қатысты пікір білдіріп, «қазақ тілінің жағдайы төмендеді» деген әңгімелерге негіз жоқ екенін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
«Жаңа Қазақстан Республикасының Конституциясы жобасында "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі" деп нақты жазылған. Бұл ретте ана тіліміз тек көркем әдебиетте ғана емес, еліміздің қоғамдық-саяси өмірінің барлық саласында кеңінен қолданылады. Ең маңыздысы, жастар арасында қазақша сөйлеу сәнге айналды. Басқаша айтқанда, қазақ тілінің болашағы жарқын», – деді Президент.
Мемлекет басшысы қазіргі жастар жаңашылдыққа бейім екенін және қазақша мен орысшаны қоса алғанда бірнеше тілді еркін меңгеретінін атап өтті.
Сонымен қатар ол тіл тақырыбын саяси құрал ретінде пайдаланатындарды сынға алды. Президент орыс тілінің мәртебесіне қатысты айтылып жүрген пікірлерге де тоқталды.
«Бұл жайында жазылған мақалаларды оқудың өзі қызық. Стилистикалық және грамматикалық қателерден аяқ алып жүре алмайсың. Жарияланым авторлары орыс тілі үшін қам жейді, бірақ өздері оны дұрыс меңгермеген», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.