Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевқа құттықтау жеделхатын жолдап, оның Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына қосқан тарихи үлесін атап өтті, деп хабарлайды kznews.kz.
Құттықтауда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың заманауи қазақ мемлекеттілігінің негізін қалап, тәуелсіз Қазақстанды құрудағы, елдің экономикалық әлеуетін нығайтудағы және халықаралық беделін арттырудағы еңбегіне тоқталды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы Сарыарқа төріне көшіру туралы шешімнің Қазақстанның дамуына тың серпін бергенін ерекше атап өтті.
«Елорданың Сарыарқа төсіне көшірілуі Қазақстанның жан-жақты өркендеуіне тың серпін берді. Бүгінде Астана қарыштап дамып, әлемдегі көрікті шаһардың біріне айналып келеді», – делінген құттықтау мәтінінде.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және бақ-береке тіледі.