Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаны WTA рейтингінде бірінші орынға көтеріліп, әлемнің үздік теннисшісі атануымен құттықтады, деп хабарлайды kznews.kz.
Мемлекет басшысы спортшының бұл жетістігін тарихи жеңіс деп атап, оның әлемдік теннистегі табысы Қазақстан спортының беделін арттырғанын жеткізді.
"Сіз айрықша талант пен тынымсыз еңбектің және өзіңізге деген нық сенімнің арқасында WTA рейтингінде көш бастап, биік шыңды бағындырдыңыз. Осынау тарихи жеңісіңіз қазақ спортының даңқын асырды", – делінген Президенттің жеделхатында.
Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаның есімі әлемдік теннис тарихынан орын алғанын атап өтті.
Президенттің айтуынша, қазақстандық спортшының жетістікке толы жолы жас спортшыларға және әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған теннис жанкүйеріне үлгі бола алады.
Жеделхат соңында Мемлекет басшысы Елена Рыбакинаға алдағы жарыстарда сәттілік тілеп, әлемдік аренада жаңа белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді.