KZNews.kz
Жаңалықтар

Тоқаев бюджетті бекітті: зейнетақы өскенімен, төменгі айлық сол күйі қалды

Қалмаханбет Мұқаметқали
Фото: ашық дереккөздерден

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 20262028 жылдарға арналған республикалық бюджетке қол қойды.

Алдағы үш жыл ішінде елдің дамуына негіз болатын басты қаржы құжатының әлеуметтік бағыттағы міндеттемелері салмақты екенін бұған дейін жазғанбыз. Ал бүгін Президент қол қойған бюджет заңында елдің тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін бірнеше маңызды өзгеріс бар.

Атап айтқанда, 2026 жылдың 1-қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш мөлшері өседі: 4 325 теңге. Ол бұған дейін 3 932 теңгені құраған.

Сәйкесінше, айлық есептік көрсеткіштің жоғарылауы әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардың қайта есептелуіне және айыппұлдар көлемінің өсуіне де әсер етеді. 

Сондай-ақ, жаңа жылдан бастап төменгі зейнетақы мөлшері де көбейіп, 69 049 теңгені құрамақ. 2025 жылы оның шегі 62 771 теңге болған. Ал мемлекеттік базалық зейнетақы мөлшері 35 596 теңгеге болып, биылғымен салыстырғанда 3 236 теңгеге көбейгелі тұр.

Енді тіршілік минимумы көрсеткіші биылғы 46 228 теңге көлеміндегі шектен асып, 50 851 теңге деңгейінде есептелмек.

Айтпақшы, елдегі ең төменгі жалақының көлемі өспейтін болды. 2026 жылы минималды жалақы алатындар бұғанға дейінгі сома - 85 000 теңгені қанағат қылмақ.

Жалпы, жалақының төменгі шегі елдегі орташа жалақы көрсеткішінен әлдеқайда аз екені белгілі. Статистикаға салсақ, 2025 жылы орташа жалақы деңгейі 448 620 теңге болып есептелді. Ал биылғы нақты медианалық айлық табыс 316 000 теңге шамасында төленген болатын.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Автордың басқа материалдары