Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы қоғамдық көлік жүйесін, соның ішінде LRT жұмысын бақылайтын Бірыңғай диспетчерлік орталықтың қызметімен танысты, деп хабарлайды kznews.kz.
Қала әкімі Жеңіс Қасымбек LRT іске қосылуына байланысты арнайы диспетчерлік қызмет құрылғанын айтты. Қоғамдық көліктің қозғалысын бақылап, жұмысын үйлестірумен 21 маман айналысады.
Ұзындығы 22,4 шақырым болатын желіде жүргізушісіз 15 құрам қатынайды, тағы 4-еуі резервте сақталады. Әр пойыз 600-ден астам жолаушы тасымалдауға арналған. Жүйедегі қозғалыс, тежеу, есікті ашу және төтенше жағдай кезіндегі әрекеттер толық автоматтандырылған.
LRT бағытында 18 станция мен заманауи депо қарастырылған. Жол жүру уақыты шамамен 40 минутты құрайды. Пойыздар орта есеппен сағатына 50-60 шақырым жылдамдықпен әр 5-6 минут сайын қатынайды.