Түркістан театрының актері Шерхан Саматұлы "Қайырлы таң, Қазақстан" бағдарламасында "МузАрт" тобына арналған театрландырылған қойылым туралы айтып, көпшілік біле бермейтін бірқатар жайтты бөлісті.
Актердің сөзінше, қойылымда танымал топтың құрылу тарихы, шығармашылық жолдағы маңызды кезеңдер мен өнерпаздар бастан өткерген қиын сәттер сахналанған.
Шерхан Саматұлының айтуынша, алғашқыда Мақсат Базарбаев пен Мейрамбек Бесбаев трио құруды жоспарлаған. Кейін олар мейрамханада ән айтып жүрген Сәкен Майғазиевті байқап, үшеуі бір топ болып өнер көрсете бастаған.
Қойылым желісінде кейін олардың арасына сырттан әсер еткен адам туралы да айтылады.
"Бір бас продюсер келіп, Мақсаттың ойын бұза бастайды. Топтың арасына іріткі салған. Ол Мақсатқа: "Сен топқа жараспайтын сияқтысың, жеке ән айтатындай әншісің" деген сарында сөздер айтады. Сөйтіп оны азғырып, ақырында топтан өзі кететіндей жағдайға жеткізеді", – деді актер.
Шерхан Саматұлы қойылымдағы ең әсерлі эпизодтардың бірі Мейрамбек Бесбаевтың сырқаттанған кезеңіне арналғанын атап өтті. Оның айтуынша, сол уақытта халық әншінің сауығып кетуін тілеп, дұға жасаған. Бұл көрініс сахнада балет әртістерінің қатысуымен ерекше шешім тапқан.
Актер қойылымның негізгі желісі шынайы өмірде болған оқиғаларға сүйенетінін айтты. Дегенмен сахналық әсерді күшейту үшін кейбір эпизодтар көркемдік тұрғыда өзгертіліп, әсіреленген.