Саммитте сөз сөйлеген Мемлекет басшысы биыл Бірінші түркологиялық съездің өткеніне 100 жыл толатынын атап өтіп, ТМҰ-ның 2027–2031 жылдарға арналған стратегиясын қабылдау жұмысын жеделдетуге шақырды.
Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) 13-саммиті өтіп жатыр. Жиын басталар алдында ұйымға мүше елдердің басшылары бірге суретке түсті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев фотода Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның жанында, ортада тұрды, деп хабарлайды kznews.kz.
Президент халықаралық ахуалға да тоқталды. Оның айтуынша, Таяу Шығыстағы, әсіресе Ормуз бұғазы төңірегіндегі жағдай барған сайын күрделеніп барады. Осы орайда Қазақстан Сауд Арабиясына жасалған хуситтердің негізсіз шабуылдарын қатаң айыптайтынын мәлімдеді.
Тоқаев сондай-ақ Ресейдің ұйыммен ынтымақтастығын кеңейту мәселесін көтерді. Ол Ресейдің осы форматқа қосылу ниетіне оң көзқарас танытып, елді ТМҰ құрамына қабылдау немесе бақылаушы мәртебесін беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Президенттің пікірінше, мұндай қадам барлық тарапқа тиімді болмақ.
Мемлекет басшысы Қазақстан үшін Орта дәліз бойындағы инфрақұрылым мен теңіз порттарын жаңғырту басым бағыттардың бірі екенін айтты. Сонымен қатар еліміздің цифрлық мемлекетке айналу мақсатына тоқталып, қажет болған жағдайда осы саладағы тәжірибесін бауырлас елдермен бөлісуге дайын екенін жеткізді.
Тоқаев Қазақстан мен Әзербайжан арасында Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі іске қосылғанын да атап өтті. Оның мүмкіндіктерін өзге түркі мемлекеттері де пайдалана алады.
Бұдан бөлек, Қазақстан тарихын ежелгі дәуірден бүгінге дейін қамтитын жеті томдық еңбек әзірленіп жатқаны айтылды. Президент бұл жұмысқа белсенді атсалысып жатқан түркі елдерінің ғылыми қауымдастығы өкілдеріне алғыс білдірді.
Сондай-ақ ИСЕСКО ұйымының шешімімен Түркістан қаласы 2027 жылы Ислам әлемінің мәдени астанасы атанатыны хабарланды.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының әскери одаққа айналмауы керектігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл – Қазақстанның нақты ұстанымы.