KZNEWS.KZ
Саясат

Тоқаев Орталық Азия елдеріне төнетін негізгі қауіп-қатерлерді атады

• Айгерім Асылова
Фото: Aqorda

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттерінің қатысуымен болып жатқан 8-ші Консультативтік жиынға қатысты. Аталмыш жиын Түрікменстанның Аваза қаласында өтті, деп хабарлайды kznews.kz

Қазақстан – Қасым-Жомарт Тоқаев

Қырғызстан – Садыр Жапаров

Тәжікстан – Эмомали Рахмон

Өзбекстан – Шавкат Мирзиёев

Әзербайжан – Ильхам Әлиев

Түрікменстан – Сердар Бердімұхамедов

“2040 жылға қарай Каспий арқылы жүк тасымалы 4 есе артады”

Жиында Тоқаев аймақтағы елдердің шекара маңында құрылған сауда-логистика кешендері мен өнеркәсіп кооперациясы орталықтары мол мүмкіндікке жол ашатынын атап өтті. Егер жоспарланған инфрақұрылымдық міндеттер толық жүзеге асырылса, 2040 жылға қарай Каспий арқылы жүк тасымалы төрт есе ұлғаятынын айтты. Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев су проблематикасын да тілге тиек етті. 

“Алдымызда трансшекаралық су ресурстарын басқарудың тың тәсілдерін әзірлеу міндеті тұр. Бұл жұмыста өзара құрмет, теңқұқылық қағидаттары негізге алынып, аймақтағы барлық елдің мүддесі ескерілуі керек. Орталық Азияның су пайдалану бойынша негіздемелік конвенциясын қабылдау ынтымақтастықтың жаңа өңірлік архитектурасын қалыптастыратын алғашқы қадам болар еді. Құжат жобасы тараптардың қарауына ұсынылды. БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасы өте өзекті. Оны халықаралық, атап айтқанда, Орталық Азияның ортақ ұстанымы ретінде бірге ілгерілету су ресурстарын басқарудың жаһандық жүйесіне қосқан үлесіміз болмақ”, – деді Президент.

Сондай-ақ Президент аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау басты міндет екенін тілге тиек ете отырып, Орталық Азия үшін не қауіпті екенін мәлімдеді.

“Терроризм, есірткі бизнесі, қару-жарақ және адам саудасы, заңсыз көші-қон, ұйымдасқан қылмыс пен алаяқтық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіреді. Цифрлық технологиялардың қаскөйлердің, атап айтқанда, лаңкестер мен есірткі сататын қылмыстық топтардың қолына түсу қаупі қатты алаңдатады. Әрине, оған қарсы тұратын тәсілдеріміз заманға сай болуы керек”, – деді Мемлекет басшысы.

Президент “Таза Қазақстан” жобасын аймақтық тұрғыдан одан әрі іске асыруға болатынын айтты. Сөзінше, бұл бастама жастарды адамгершілік және азаматтық құндылықтарға баулиды.

“Сондықтан келесі жылы "Орталық Азия – ізгі істер мекені" деген ұранмен волонтерлік мәселесіне қатысты жастар форумын өткізуді ұсынамын. Аймақтағы ішкі туризмнің дамуы арқылы халықтардың бір-бірімен араласуына, елдеріміздің тарихымен және мәдениетімен танысуға жол ашылды. Біз Орталық Азия мен Әзербайжандағы ауқымды мәдени, ғылыми, спорттық және туристік іс-шараларының бірыңғай күнтізбесін жасауды ұсынамыз. Бұл барыс-келісті арттырып, бірлескен турлар аясында шетелдік туристерді көптеп тартуға мүмкіндік береді. Жоғарыда айтылған ұсыныстар өңірдегі ынтымақтастықтың берік гуманитарлық тұғырын қалыптастырады”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Кейін Отырыста Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.

Айгерім Асылова
Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →