KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды тексеру үшін арнайы комиссия құрды

• Қайсар Қанат
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

"Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізу жөніндегі комиссия құрылды", - делінген хабарламада.

Комиссияға Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева жетекшілік етеді. Оның орынбасары болып Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов бекітілді.

Комиссия құрамына Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ержан Жиенбаев, Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов, Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының басшысы Мұрат Баймұқашев, қаржы министрі Мәди Тәкиев, Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев, ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Әли Алтынбаев және Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин кірді.

Комиссияға Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды жан-жақты тексеріп, алғашқы қорытындысын қысқа мерзімде ұсыну міндеттелген.

"Комиссия жеті күн ішінде атқарылған жұмыстың алғашқы нәтижелерін баяндауға тиіс. Осы өкім қол қойылған күннен бастап күшіне енеді", - делінген хабарламада.

Айта кетейік, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында өткен әскери-теңіз оқу-жаттығуы кезінде 14 әскери қызметші қаза тапқан болатын. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін бұған дейін Үкіметтік комиссия құрылған.

Сонымен қатар іс аясында Қарулы күштердің бес лауазымды тұлғасы ұсталды. Олардың барлығы күдікті деп танылып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Ұсталғандардың арасында Қарулы күштер Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлім командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының командирі және катер командирі бар.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →