Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстан жоғары білім беру жүйесін халықаралық деңгейде дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Қазіргі уақытта осы бағытта стратегиялық серіктестік туралы 40 келісім жүзеге асырылуда, деп хабарлайды kznews.kz.
Елімізде 11 мемлекеттің жетекші университеттері өз филиалдарын ашқан. Онда 12 мыңнан астам студент білім алып, 1,5 мыңға жуық оқытушы жұмыс істейді. Олардың 600-ден астамы – шетелден келген профессорлар.
Президент Қазақстанның Лиссабон және Токио конвенцияларына қосылуының маңызын атап өтті. Оның сөзінше, бұл жетістікке жетуде бұрынғы Білім және ғылым министрі, қазіргі ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың үлесі зор.
«Бұл – қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, бұрынғы Білім және ғылым министрі, елші Жансейіт Түймебаевтың арқасы. Соның нәтижесінде енді Қазақстан университеттерінің дипломдары Батыс және Шығыс елдерінде мойындалатын болды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент елімізде білім алатын шетелдік студенттер саны айтарлықтай артқанын жеткізді.
Былтыр Қазақстанда 31 мың шетелдік студент оқыса, биыл олардың саны 41 мыңға жеткен. Оның ішінде 8 мыңнан астам жас Қазақстанның қаржылай қолдауымен білім алуда. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш.
Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай Қазақстанға 100 мың шетелдік студент тарту міндеті тұрғанын айтты.
«2029 жылға қарай 100 мың шетел студентін тарту ойымызда бар. «Қазақстанда білім ал!» деген ұлттық бастамамыз осы міндетті іске асыруда маңызды рөл атқарады деп сенемін», – деді Президент.
Осылайша, Қазақстан жоғары білім беру саласындағы халықаралық байланыстарын кеңейтіп, Орталық Азиядағы ірі білім беру орталықтарының біріне айналуды көздеп отыр.