KZNEWS.KZ
Білім

Тоқаев қазақ тілінің орфографиялық сөздігін жаңартуды тапсырды

• Жарқын Омаров
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тіліндегі емле ережелері мен орфографиялық сөздікті жаңарту жұмысын 2027 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X құрылтайында айтты, деп хабарлайды kznews.kz

Президенттің айтуынша, қазіргі уақытта қазақ тіліндегі бірқатар сөздер мен ұғымдар әртүрлі нұсқада қолданылып жүр. Мұндай ала-құлалық қоғамда түсінбеушілік туғызып, тілдің бірізділігіне кері әсер етеді.

«Өкінішке қарай, қазір қазақ тіліндегі кейбір сөздер, ұғымдар, тіпті түсініктер әртүрлі қолданылып жүр. Бұл – жылы жауып қоя салатын жеңіл-желпі дүние емес. Себебі мұндай жағдай жұртты шатастырып, тіл тазалығына кері әсерін тигізеді. Сондықтан қазақ тілін қолдану ісінде нақты жүйенің, белгілі бір тәртіптің болуына баса мән берген жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы емле мен ережелерді қайта қарап, барлық сөздікті, соның ішінде орфографиялық сөздікті жаңарту қажеттігін атап өтті.

«Жоғарғы Кеңес Президиумының Жарлығымен ресми түрде бекітілген Қазақ тілінің орфография сөздігі Кеңес заманында, яғни 1983 жылы шыққан. Әрине, одан кейін де бірнеше сөздік жарық көрді. Алайда олардың ешқайсысы мемлекеттік деңгейде бекітілмеген, заңды күші жоқ. Кейбір көрші мемлекеттерде мұндай ғылыми еңбектер бес жыл сайын жаңартылып отырады. Сондықтан біз де қазақ тілі орфографиясының ғылыми негізін зерделеп, жедел түрде ретке келтіруіміз керек. Осы жұмысты келесі жылдың соңына дейін аяқтау қажет», – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тіліне сәтті аударылған және қолданысқа енген сөздерді атап өтті. Олардың қатарында «тұжырымдама», «қағидат», «сыйақы», «шәкіртақы», «еңбек өтілі», «жанармай», «босқын», «ғаламтор», «тікұшақ» және «жасанды сана» сияқты сөздер бар.

Алайда Президент кейбір жасанды аудармалардың қажеттілігіне күмән келтірді.

«Мысалы, “күйсандық (пианино), қылтима (балкон), субұрқақ (фонтан), себезгі (душ), қырыққабат (капуста), үнқағаз (газет), жеделсаты (лифт), желкөз (форточка)” және тағы басқа жасанды сөздердің қажеттілігі екіталай сияқты», – деді ол.

Мемлекет басшысы тіл ғылымына қатысты баршаға қолжетімді бірыңғай цифрлық жүйе әзірлеуді де ұсынды. Сонымен бірге кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен қоғам өкілдерінен арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды. Оның жұмысын Президент Әкімшілігі үйлестіреді.

Тоқаев қазақ тілінің ғылым мен өндіріс тіліне айналуы үшін жоғары оқу орындарында қазақ тіліндегі ғылыми зерттеулерге де басымдық берілуі керектігін айтты.

Жарқын Омаров
C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салал...
Автордың басқа материалдары →