KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

Тоқаев Каспийдегі қайғылы оқиғадан қаза тапқан әскери қызметшілердің жақындарына көңіл айтты

Айжан Сыланова
Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасы мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды kznews.kz.

Ақорда мәліметінше, Мемлекет басшысы Үкіметтік комиссияға оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты анықтауды тапсырған. Сонымен қатар қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына тиісті көмек көрсетілуі қажет екенін атап өтті.

Бұған дейін Каспий теңізінің жағалауында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы барысында төтенше жағдай болғаны хабарланған еді. Алдын ала мәлімет бойынша, оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан бірқатар әскери қызметші теңізге кеткен.

Қорғаныс министрлігінің соңғы мәліметіне сәйкес, оқиға кезінде 19 әскери қызметші теңіз ағынына тап болған. Олардың тоғызы қаза тапқаны расталды. Үш әскери қызметші табылып, қалғандарын іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Оқиғаның нақты себептері мен барлық мән-жайын арнайы комиссия мен құқық қорғау органдары анықтап жатыр. Қылмыстық іс қозғалып, қажетті сараптамалар тағайындалған.

Тергеу нәтижесінде әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы жағдайдың себептері мен оған әсер еткен факторлар нақтыланбақ.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →