Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялап, биылғы Жолдаудың мәні мен мазмұны айрықша екенін атап өтті, деп хабарлайды kznews.kz.
«25 қазанда ұлттық мерекеміз – Республика күнін атап өттік. Осы күні Егемендік туралы декларация қабылданды. Біз дербес ел болу жолында батыл қадам жасадық. Көп ұзамай Тәуелсіздік туын биікке көтеріп, елдігіміздің іргесін бекіттік», – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, биыл Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу тарихындағы маңызды белеске 35 жыл толып отыр.
«Міне, биыл қасиетті Тәуелсіздігімізге 35 жыл толып жатыр. Бұл тарихи меженің ұлт шежіресінде алатын орны бөлек», – деп атап өтті ол.
Президент биыл наурыз айында Конституцияның қабылдануын да ел өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі ретінде бағалады. Оның сөзінше, Ата Заң мемлекеттіліктің негізгі тірегі саналады.
«Конституцияны бірнеше ұрпақтар арасындағы қастерлі келісім деп атауға болады. Өйткені Конституцияда Қазақстанның қазіргі бітім-болмысы мен болашақтағы бейнесі нақты айқындалды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы азаматтардың қолдауына ие болған Конституцияның 1 шілдеде заңды күшіне енгенін айтты. Оның пікірінше, бұл қадам саяси жүйені түбегейлі жаңғыртуға және жаңа билік институттарын қалыптастыруға серпін берген.
«Азаматтарымыз жаппай қолдаған Конституция 1 шілдеде заңды күшіне еніп, еліміздің саяси жүйесінің түбегейлі жаңғыруына, жаңа билік институттарының құрылуына үлкен серпіліс берді», – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтары болашаққа бағытталған ауқымды жұмыстарға белсенді кіріскенін жеткізді. Ол елдегі тарихи өзгерістер халықтың көз алдында өтіп жатқанын атап өтіп, бұл тақырыпқа қатысты артық сөз айтудың қажеті жоқ екенін мәлімдеді.