Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияда өткен ХХ жазғы Азия ойындары мен V Азия Пара ойындарының жеңімпаздары және жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы халықаралық жарыстарда ел намысын қорғаған спортшылардың жетістігін жоғары бағалады.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Президент қазақстандық спортшылардың құрлықтық жарыста жоғары нәтиже көрсетіп, ел мерейін үстем еткенін атап өтті.
"Бұл – мемлекетіміз үшін шын мәнінде үлкен жетістік және зор мақтаныш! Баршаңызға жарқын жеңістеріңіз құтты болсын деймін! Сіздер құрлықтың ең мықты спортшылары қатысқан дүбірлі дода кезінде ел намысын қорғап, жүзден жүйрік шықтыңыздар! Ұлттық құраманың табанды еңбегінің арқасында Азиада төрінде рухты Әнұранымыз шырқалды, көк Туымыз биікте желбіреді. Мен әрбір жеңісті нағыз патриотизмнің айқын көрінісі деп санаймын. Тұтас халқымыз сіздерге қолдау көрсетті, жанкүйер болды. Әр спортшының ел қоржынына қосқан медалі азаматтарымызға, әсіресе, өсіп келе жатқан жас буынға үлкен шабыт береді, оларды мықты, күшті болуға үндейді және алға жетелейді. Бүгін осы мерейлі сәтте мен Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға тағы да шынайы ризашылығымды білдіремін", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев спортшылардың жетістігі Қазақстанда жүріп жатқан өзгерістермен үндесетінін айтты. Оның сөзінше, соңғы жылдары ел экономикасы нығайып, жаңа даму көрсеткіштеріне қол жеткізе бастаған.
Президент осы орайда Халықаралық валюта қорының Қазақстан экономикасына қатысты болжамына тоқталды.
"Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша мемлекетіміздің жалпы ішкі өнімінің көлемі 398 миллиард долларға жақындайды. Бұл – біздің аймағымыздағы ең жоғары көрсеткіш болмақ. Бірақ қазіргідей құбылмалы уақытта, әрине, қолда бар табысқа мәз болып, жайбарақат отыруға болмайды. Бәріміз осындай алмағайып заманда еліміздің әлеуетін арттыра түсу үшін белсенді әрі қажырлы еңбек етуіміз керек", – деді ол.
Мемлекет басшысы спортшылардың жеңісі тек жеке жетістік қана емес, жас ұрпаққа жігер беретін маңызды оқиға екенін жеткізді.
Айта кетейік, Жапонияда өткен ХХ жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 84 медаль жеңіп алды. Оның 12-сі алтын, 24-і күміс және 48-і қола. Ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте сегізінші орынға тұрақтады.