Әлбетте, экономикадағы негізгі өсім құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік және қоймалау, сауда және ауыл шаруашылығы салаларының есебінен қалыптасып отыр.
Өңдеу өнеркәсібіндегі өсімге машина жасау мен химия өнеркәсібі негізгі үлес қосуда. Қаңтар–тамыз айларында жеңіл автомобиль өндірісі 34,2 пайызға артып, 117,2 мың көлікке жеткен. Теміржол платформаларын шығару 76,6 пайызға, жолаушылар вагондары 40,9 пайызға, жүк және арнайы техника өндірісі 18,5 пайызға өсті.
Химия өнеркәсібінде полипропилен өндірісі 24,5 пайызға, аммофос 10,3 пайызға, күкірт қышқылы 4 пайызға артқан.
Ал металлургиядағы өндірістің нақты көлем индексі 97,5 пайыз деңгейінде қалып отыр. Үкімет бұл көрсеткішті жақсарту үшін шикізат базасын кеңейтіп, ішкі және сыртқы нарықтағы әлеуетті жеткізушілермен келіссөз жүргізіп жатыр екен.
Құрылыс саласында да оң динамика байқалады. Қаңтар–тамызда орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 6,1 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,6 пайызға өсті. Өсім 18 өңірде тіркелді. Сегіз айда 11,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл былтырғыдан 3,6 пайызға көп. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша құрылыс көлемінің әрі қарай өсуі және жыл соңына дейін 12,8 млн шаршы метр тұрғын үй енгізу жоспарланып отыр.
Көлік-логистика секторында теміржол арқылы астық пен көмір тасымалы артқан. Астық тасымалы 13,6 млн тоннаға жетіп, 3 млн тоннаға, көмір 1,1 млн тоннаға, темір рудасы 2,8 млн тоннаға көбейді. Мұнай мен газ тасымалының сақталған көлемі және инфрақұрылымдық жобалар да саланың өсіміне ықпал етуде.
Сауда айналымы қаңтар–тамызда 51,5 трлн теңгені құрап, 6 пайызға өсті. Оның 34,7 трлн теңгесі көтерме саудаға, 17 трлн теңгесі бөлшек саудаға тиесілі. Көтерме саудадағы өсім металлургия өнімдері, астық және отын сатылымының артуымен байланысты.
Ауыл шаруашылығында да тоғыз ай қорытындысы бойынша тұрақты өсім күтіледі. Негізгі үлес майлы дақылдардың жалпы түсімін арттыруға байланысты өсімдік шаруашылығына тиесілі. Мал шаруашылығында сүт өндірісінің өсуі және бордақылау алаңдарын жеңілдетілген қаржыландыру есебінен ет өндіру көлемінің артуы күтіліп отыр.
Үкіметтің мәліметінше, жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірісін кеңейту тамақ өнеркәсібінің де өсіміне қосымша серпін береді.