KZNEWS.KZ
Саясат

"Тілге қарсы күресу – Жаратқанға қарсы шығу": Тоқаев тағы тіл мәселесін көтерді

Жарқын Омаров
Фото: Ақорда

«Тіл – Жаратқанның адам баласына берген ең үлкен игілігі, теңдессіз сыйы. Қандай да бір тілге қарсы күрес жүргізу – Жаратқанға, оның нығметіне қарсы шығу. Сірә, бұдан асқан ақымақтық болмас», – деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, тіл бірлік пен өркениеттің өлшемі болуы керек.

Президент бүгінде түрлі ұлт өкілдерінің жастары қазақ тілі мен мәдениетін насихаттап жүргенін атап өтті.

«Достыққа дәнекер болған осындай адамдар қашанда жоғары құрмет пен қолдауға лайық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы мұндай азаматтардың қоғамдық тұрақтылықты сақтауға және Қазақстанның халықаралық беделін арттыруға үлес қосып отырғанын айтты.

Сондай-ақ Президент бірнеше жыл бұрын өзінің тапсырмасымен «Ел бірлігі» ордені тағайындалғанын еске салды. Оның сөзінше, бұл марапат ұлт тұтастығын нығайтып, қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге үлес қосқан азаматтарға беріледі.

Тоқаев осы орденге лайықты кандидаттарды Қазақстан Халық Кеңесінің ұсынуын дұрыс әрі әділетті деп санайтынын жеткізді.

Жарқын Омаров
C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салал...
Автордың басқа материалдары →