Мексикалық блогер Сесар Гастелум достарымен бірге тікелей эфир жүргізіп тұрған кезде қарулы шабуылдан қаза тапты. TikTok желісінде оның 600 мыңға жуық оқырманы болған, деп хабарлайды kznews.kz.
Қайғылы оқиға 4 тамызда Мексиканың солтүстік-батысындағы Кулиакан қаласында болған. Әзіл-сықақ видеоларымен танылған блогер достарымен бірге жылдам тамақтану мейрамханасының сыртында тікелей эфир жүргізіп тұрған.
Осы кезде олардың жанына мотоцикл мінген, басына каска киген екі адам келген. Тікелей эфир жазбасынан мотоцикл жүргізушісінің Сесар Гастелумға қарай оқ атқаны байқалады.
Синалоа штатының қауіпсіздік қызметінің өкілі блогердің қайтыс болғанын растады. Қазіргі уақытта шабуылға байланысты ауқымды жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Әзірге қылмыстың себебі мен күдіктілердің кім екені жарияланған жоқ.
Сесар Гастелум TikTok желісінде әзіл видеолары және тікелей эфирлерімен танымал болған. Оның соңғы жарияланымдарының бірі миллиондаған қаралым жинаған.
Оқиға Кулиакан қаласында бір-бірімен жауласып жүрген ұйымдасқан қылмыстық топтар арасындағы қақтығыс жалғасып жатқан тұста болды.
Айта кетейік, 2025 жылғы мамырда мексикалық бьюти-блогер Валерия Маркес те TikTok желісінде тікелей эфир жүргізіп отырған кезінде атып өлтірілген. Қылмыс Сапопан қаласындағы сұлулық салонында болған еді.